Сағындырған Сарықамыс

Сағындырған Сарықамыс
19.11.2018
172
Әлеумет

Сағындырған Сарықамыс

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы төл тарихымызды қайта түлетіп, өткеніміздің өнегелі тұстарын ел санасына оралтып, өшкенімізді жандыруға түрткі болғаны белгілі. Жуырда өсіп-өнген өлкеге деген ерекше ықыласын нақты іске ұластырған елжанды азаматтардың арқасында ауыл тұрғындарының және ембілік мұнайшылардың ұйымдасуымен Прорва кенішінің 55 жылдығына орай Сарықамыс елді мекенінің орнына тарихи ескерткіш орнатылды. 


Қазыналы, құтқа толы Сарықамыс елді мекенінің іргесі 1959 жылы қаланды. Гурьев облысы Ембі ауданында жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде Прорва өңірінде жаңа мұнай кеніші бар екені анықталды. 1963 жылы кеніш өндірістік пайдалануға беріліп, «Прор­ванефть» басқармасы құрылды. Прорва кеніші игерілуінің басталуына байланысты сол жылы кеніштен 25 шақырым қашықтықта 43 037,6 га жер аумағын алып жатқан Сарықамыс елді мекені бой көтерген болатын. Осынау шағын ғана ауылдан талай майталман мұнайшылар, өндіріс, ел басшылары түлеп ұшты. 
Теңіз кен алаңының игерілуіне байланысты кеніштің санитарлық қорғаныс аймағында орналасқан Сарықамыс елді мекенінің тұрғындарын 2006 жылға дейін Атырау қаласы мен Жылыой аумағындағы Жаңа Қаратон кентіне көшіру туралы Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметінің қаулысы 2002 жылдың 18 наурызында қабылданған болатын. Кент тұрғындары өз қалауымен 2006 жылы Атырау қаласындағы Сарықамыс ықшам ауданы мен Жылыой аумағындағы Жаңа Қаратон ауылына толықтай көшірілді. Он жылдан астам уақыт өтсе де, Сарықамыс жұрты туған жерін, өлкесін әлі күнге дейін сағынышпен еске алуда. 
Ескерткіштің ашылу салтанатына «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары А.Габдуллин, ауылдың ардагерлері, тұрғындары, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ қызметкерлері қатысты. Керілген лента қиылып, ауыл қариялары туған ауылға деген сағыныштарын тебірене еске алды. 
– Тұрғындардың туған жерлерін ардақтап, ескерткіш орнатуы – болашаққа жасалған белгі ғана емес, ұрпаққа үлгі-өнеге, аманат деп білеміз. Осындай ескерткіш орнатқан азаматтарға мың алғыс, – деді ауылдың байырғы тұрғыны, ардагер зейнеткер Сатыбалды Әділов.
Салтанатты шара соңы «Каспий самалы» мұнайшылардың вахталық қалашығының мәжіліс залында өткен ауыл тарихынан сыр шертетін деректі фильмнің тұсаукесеріне ұласты. 
– Бұл шараға ауыл тұрғындарымен қоса, осы жерден тәрбиеленіп шыққан бірқатар ембілік мұнайшылар қолдау көрсетті. Сонымен қатар қомақты қаржы бөліп, демеушілік жасаған «Жылоймұнайгаз» МГӨБ кәсіподақ ұйымына да алғысымыз зор. «Бірлескен істе ғана береке бар» демекші, енді бұл сарықамыстықтардың сағынып оралатын, өткенді, тай-құлындай тебіскен бақытты балалық шақтарын еске түсіретін тарихи орынға айналары сөзсіз, – деді «Жылоймұнайгаз» МГӨБ басшысы Мақсот Наукенов. 
Жиын барысында аталған мұнай-өндіру басқармасы ұжымы кәсіподақ комитетінің атынан Атырау қаласы Сарықамыс ықшам ауданындағы Қ.Қайсенов атындағы орта мектепте білім алатын 17, Жылыой ауданының Қаратон елді мекеніндегі 10, Қаратондағы Сарықамыс ауылындағы әлеуметтік жағдайы төмен 5 балаға қаржылай қайырымдылық көмек көрсетілді.  
– Әрбір суретші жобаны жасау алдында қандай символиканы қолдану керектігіне ерекше мән береді. Ескерткіштегі түйелер кездейсоқ алынып тұрған жоқ. Түйе – тарихымыздың қатпарында жатқан үлкен тарихи сырлардың куәгері. Сонау Асан қайғы, Жібек жолындағы саудагердің заманынан, кейін алғашқы мұнай өндірілген кезде түйелермен жеткізілгені де тарихтан белгілі. Сондықтан түйе қазақпен бірге жаралған деуге толық негіз бар. Осы себепті қазақ даласының символы ретінде түйелер белгіленді. Жоғарыда бейнеленген шаңырақ қазақтың қабырғасы іспеттес. Қазақтың қайтпас мінезі, қайсарлығы, өмір жолы, табиғатымыз, кең даламыз – міне, осының барлығын жобада қамтуға тырыстым. Біз қойылған әр ескерткішке қуанамыз. Өйткені, кез келген белгі осы жердің иесі бар дегенді білдіреді, – дейді сәулетші Матай Әбдірахманов. 


Дана халқымыз «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаса керек. Ұядан қияға ұшып, ат жалын тартып, азамат боп кетсе де, туған жерге деген құштарлық сезім әркімнің ет жүрегінде от болып алаулап тұратыны айдан анық. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх