«Бірлікпен алға!» марафоны өтті

«Бірлікпен алға!» марафоны өтті
19.11.2018
107
Қоғамдық-мәдени өмір

«Бірлікпен алға!» марафоны өтті

Жаңаөзен қаласының 50 жылдық мерейтойына орай 11 қазанда өткен «Бірлікпен алға!» атты «Өзенмұнайгаз» АҚ ұйымдастырған марафонға «ӨМГ» АҚ бас директоры Жәнібек Нұғманов бастаған компания ұжымы мен қала әкімі Әділбек Дауылбаев бастаған аппарат басқармасы, жалпы саны 800-ге жуық спортсүйер жандар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, ұйымшылдықпен қатысты. 


Тұңғыш рет ұйымдастырылған марафонның ашылуында сөз сөйлеген бас директор Жәнібек Қайырбекұлы желаяқтарға сәттілік тілей отырып, жүгірудің адам денесін шынықтырып, ойын жетілдіріп, өрге тартатынына тоқталып өтті.  «Жүгіру адамның денесін шынықтырып қана қоймайды. Ол адамның жүрісіне, ақылына, сана-сезіміне үлкен әсер етеді. Жүгірудің өзі жарыс. Кімді кім ұтады? Ұту үшін намыс керек. Күш жинау керек. Жүгіру адамның көңілін көтеріп, ойын сергітеді. Компания мұнайшыларының корпоративті рухын көтеріп, бір-біріне деген достығы мен сыйластығын арттырып, өзара ынтымақ-бірлігін күшейтеді» – деді бас директор. 
Қазіргі таңда артық қимыл, қозғалыс жасамайтын, сағаттап компьютер алдында отыратын үлкенге де, кішіге де үлгі көрсеткен «Өзенмұнайгаз»  АҚ басшылығына қалай риза болмайсың?! Дәрігерлер  жүгірудің адамның ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, адаммен тез тіл табысуға үйрететіндігін айтады. «Жүгіру денені шынықтырады, қан айналымы мен тыныс алу мүшелерінің жұмысын жақсартады» – дейді олар.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, 18-40 жас аралығында 1-орынды Төребек Лепесов, 2-орынды Мақсат Аташов, 3-орынды Жалғасбай Абдулазизов еншіледі. 41 мен 50 жас аралығында 1-орын Марат Байқұловқа, 2-орын Мейрам Бердиевке, 3-орын Талғат Қоңыровқа бұйырды. 51-60 жас аралығында жүгіргендер арасынан 1-орынды Есен Тайжанов, 2-орынды Нариман Өтемісов, 3-орынды Нұржан Жарылғасов алды. Маңызды шарадан қыз-келіншектер де тыс қалмады. Олардан бірінші болып мәре сызығын Әсем Алдабергенова, екінші болып Салтанат Боқаева, үшінші болып Индира Есімова кесті. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтармен қоса, бас директор мен қала әкімінің Алғыс хаттары берілді. Марафонға қатысқан ең жас және ең жасы үлкен жүгірушіге қол сағат табысталды. Жарысқа қатысушыларға арнайы шатыр тігіліп, мерекелік дастарқан жайылды. Қазанға палау пісіріліп, тәтті шай дайындалды. Мерекелік көңіл-күй сыйлаған концерт ұйымдастырылды. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх