Ұжымдық жаттығу рух көтереді

Ұжымдық жаттығу  рух көтереді
19.11.2018
87
Қоғамдық-мәдени өмір

Ұжымдық жаттығу рух көтереді

Салауатты өмір салты

Жуырда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев «Сауықтыруға 10 қадам» бастамасы жөнінде барлық еншілес компаниялар қызметкерлеріне Үндеу жолдаған болатын. Осыған үлгі ретінде, салауатты өмір салтын ұстанып, ағза энергиясын және жұмысқа деген физикалық белсенділікті арттыру мақсатында жұмыс уақытында сергіту жаттығуларын жасауға уақыт тауып жүрген «Ембімұнайгаз» АҚ Қызметкерлерді басқару және еңбекке ақы төлеу департаментінің игі бастамасы жөнінде айта кеткіміз келеді. 
Аталған департамент қызметкерлерінің әр жұмыс күні таңғы сергіту жаттығуларынан басталады. Қызметкерлер жаттығулар жүйесі бойынша қол, мойын, бас, аяқ, бел қимылдарын жасап, денені сергітеді. Сегіз сағат бойы тапжылмастан компьютер алдында отыратын кеңсе қызметкерлері үшін сергіту жаттығулары – саулықты сақтаудың бірден бір жолы. Бұл бастаманың күн тәртібіне енгеніне екі айдай уақыт өткен.
Идея авторы осы департамент директорының орынбасары Ғибрат Ауғановтың айтуынша, мұндай көпшілікке арналған жаттығулар денені қыздырып қана қоймай, ұжымдық рух береді, әрі ұжымның басын қосқандықтан, қызықты өтеді. 
– Қазіргі таңда «ұжымдық жаттығулар» термині қолданысқа кеңінен енуде. Өйткені, денені шынықтыру, физикалық жаттығулар жасауға, негізінен, уақыт та жетпей жататыны жасырын емес. Осыған орай, әріптестерімізбен бастама көтеріп, ұсынысымызды департамент директоры Гүлбану Әбутәліпқызы Шарафетдинова қолдады. Жұмыс уақытында физикалық белсенділікті арттыру үшін департамент қызметкерлері күніне 5 минуттан 2 рет жаттығу жасайды. Яғни, бұл үрдіс қаржылық және уақыт шығындарын талап етпейді, - дейді ол.
Физикалық жаттығулар дененің шымыр, деннің сау болуына, шаршағанды жеңуге көмектеседі. Ал, бұл үрдіс күнделікті жұмыспен ұштастырылса, ағзаға тиер пайда да зор. Бой мен көңіл күйдің сергектігі еңбек өнімділігіне де тікелей әсер ететіні сөзсіз.
Ал, сіз физикалық жаттығуларды жасайсыз ба?  

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх