Ажар (әңгіме)

Ажар (әңгіме)
19.11.2018
109
Әлеумет

Ажар (әңгіме)

Мұнайшылар шығармашылығы

Ажар ыбырсып шашылып жатқан бөлмеге қарап ұзақ отырды. Күйеуінің мінезі күрт өзгергенін ойлады. Үйленгендеріне бес жыл. Шешесінің сөзімен айтқанда «ыстық-суығы басылатын уақыт» емес. Арасынан қара мысық жүгіріп өткен сияқты. Іші сезеді. Іші бәрін сезеді... Бір шарананың жоқтығы күйеуінің арқасына аяздай батып жүр. Дәтіне берік жан бұл жөнінде адам баласына тіс жарған емес. Өзінің өзімшілдігі де өзара түсіністіктен алыс­татып, шиеленіске апара жатқандай...
Ой апанына батып, отыра беруге Ажардың дәті шыдамады. Тез орнынан тұрып, жуынды. «Бүгін жұмысқа бармаймын» деп шешті. Шаштаразда жұмыс істейтін Ажар жұмысқа барғысы келсе барып, барғысы келмесе қала беретін. Шаштараз иесі – өзінің жақын құрбысы Күлипа. Жұмысқа келсең, неге келдің деп, келмесең неге келмедің демейтін кең адам. Сол мінезіне қарай Ажар оны жақсы көреді. Көп өсек-аяңмен де жұмысы жоқ. Әсел деген үш жасар томпиған қызы бар. Осы үйге келсе, күйеуі екеуі Әселдің асты-үстіне түсіп бәйек болады да қалады. Қу қыз екеуіне дегенін істеткісі келіп, бәлденіп-ақ бағады. Үйдегі мысықтың құйрығынан сүйреймін деп қиғылық салады. Ажардың қуаныштан жүзі бал-бұл жанған Жанболатқа қарап отырып, көңілі босайды. Келіншегінің жай-күйінен хабары жоқ ол сәбидің башпайларынан шөпілдетіп сүйіп жатады. «Әй, менің қара қызымды ерке қылып жібересің» – деп Күлипа өзінше шыр-пыр. Ал, құрбысының гүжбан күйеуі, жер қозғалса да қозғалмайтын Серік ыржиып күліп отырады. «Қандай бақытты жандар» деген ұры ой Ажардың басында жылт ете түсіп, өше қояды. «Басымыз жас, бізде де бала болады» деп өзін өзі жұбатады. Ерлі-зайыптылар болып шүйіркелесіп отыратын күндерін әлдекім келіп ұрлап кеткендей. Бір-бірінің ұрлығының үстінен түскен жандардай қараптан-қарап қуыстанып отырғандары. «Бұнысы несі» дейді пұшайман болып, ашудан  жарылардай болған Ажар. «Сүйем, күйем, қызғанамын» деп үйленген Жанболаты неге самарқау. Арада ұрыс жоқ, керіс жоқ. Салқындық бар. Бір-бірін бір сағат көрмесе, тұра алмайтын екеуі тар төсекте теріс қарап жататын болып жүр... Ажар өзінің бойынан көңілсіздікті қуу үшін ырғақты музыканы қосып қойды. Күйеуінің таңертең шай ішпей кеткені де есіне түсті. Неге екені белгісіз, қараптан-қарап отырып, Жанболатқа жаны ашыды. Өзінің қаттылығына қапаланды. Ажар үйдегі тоғыз баланың кенжесі болғасын ба, ерке болып бой жетті. Әке-шешесі бетінен қақпай өсірді. Ішем дегенін ішкізді, кием дегенін кигізді. Мектепті үздік бітірген Ажар Алматыға медицина институтына түсіп, екі жылдан кейін «оқу ұнамайды» деп қайтып келген кезде де ерке қыздарының қылығы шымбайына қатты батса да, әке-шешесі іштерінен тынып, үндемеді. Әуелден шаш сәндеуге ебі бар Ажар курс бітіріп, осында жұмысқа тұрды. Жұмыстасының туған күнінде Жанболатпен танысты. Шағын қалада екеуінің тұрғаны да, жүргені де ел аузында сөз болды. Өзінен бірнеше жас үлкен Жанболат құрылыс мекемесінде инженер болып қызмет атқаратын. Қолында қоңыр портфелі бар, риясыз жымиып тұратын жігіт Ажарға бірден ұнады. Өз бағасын білетін бойжеткен жігіттің ырқына құлай кетуге асыққан жоқ. Шақырған киносына да, концертіне де жұмыстан шаршайтынын алға тартып, бара алмайтынын айтты. Жігіттің бозарып кеткен түріне қарап, оның өзін қаншалықты сүйетінін сезген Ажардың жүрегі қуаныштан талай дүрсілдей соқты. Пенде емес пе?! Туған күніне бір құшақ алқызыл раушан гүлін әкелген Жанболатты көргенде қасындағы қыздар бұған қызғана қарады. Көрікті жігіттің өзінің қасынан айналшықтап шыға алмағанына төбесі көкке жеткендей болды. Бір күні екеуі армансыз қыдырды, балмұздақ жеді, киноға барды. Түкке тұрмайтын нәрсені әңгіме етісіп, болар-болмасқа мәз болып күлді. Үйге әдеттегіден жай оралған бұған аңтарыла қараған апасының бетінен шөп еткізіп сүйді де, күліп жіберді. Екі жылдан кейін 21 жастағы ерке қыз барлық кәдесімен ұзатылып кете барды. Бұлғақтап әлі де жүре тұрмақшы еді, Жанболаты өлердегі сөзін айтып тұрып алды. Несін жасырады, сұлу жігіт өзінің жүрегін де жаралап, күндіз ойынан, түнде түсінен кетпеуге айналды. Бұл үйінің кенжесі болса, Жанболат үйінің үлкені еді. Өзінен кейінгі інісі бір жылдан кейін келін әкеліп, бұлар бөлек шықты. Келін келе сала босанды, жақында базарда сыртынан көрген. Шермиіп тұр екен. Айналасына маңғаздана қарап қояды. Сыртынан қызыға ұзақ қарады. Неге екені белгісіз қасына бара қоймады...
Әр нәрсені бір ойлап жүріп, Ажар үйді мұнтаздай етіп жинады. Бұрқыратып кір жуды. Жанболаттың көйлектерін үтіктеп, шифоньерге ілді. Иісін аңқытып манты пісірді. Дүкенге барып, қаймақ пен ыстық нан алып қайтқан Ажар үйден қолына гүл мен торт ұстаған күйеуін көргенде, қапелімде сасып қалды. Ерке баладай жүгіріп барып, мойнына асыла кетті. «Сүйіктім, сен де ұмытпаған екенсің, екеуіміздің таныстығымызға бүгін тура жеті жыл ғой» деп үздіге сыбырлаған Жанболаттың сөзі сұлу келіншекті балқытып жіберді. Тамағына келген ащы өксікті сезді. Сыртынан қараған адам ұзақ уақыт көріспеген жолаушылар деп ойлауы кәдік еді. «Құдайым-ау, адам бір үйде тұрып та, бір-бірін сағынады екен-ау» – деп ойлады Ажар. 
Өткенде төркініне қонаққа барды. Кетерінде шешесі сөз бастады. «Жүзің сынық екен. Көп уайымдама. Басың жас. Алланың берем десе пендесіне деген қазынасы мол. Алланың бермегенін, тартып та, сатып та ала алмайсың. Қараптан-қарап отырып жүнжіме. Еңсеңді көтеріп жүр. Жас адамның күн жаумай су болып жүргені жақсы емес» – деді. Ана сөзін даусын көтермей жай айтса да, қатты айтты. Үйге келгесін Ажар бірден шашын сәндеді. Дүкенге барып өзіне киім таңдады. Сол сол-ақ екен, ішкі дүниесінде сілкініс пайда болды. Анасының сөзінен күш алған Ажар өзді-өз болғалы сөздің құдіретілігін алғаш мойындаған болатын.
– Бүгін мейрамханаға барсақ қайтеді?-деді Жанболат жігіт кезіндегідей қиыла қарап. Ажардың қуаныштан жүзі жайнап сала берді. Жауап беруге дәрмені жоқ ол басын изеді. Әйел заты емес пе? Соның арасында «Мейрамханаға қай көйлегімді кисем екен?» деп те ойлап үлгерді. Ішіне сыймағасын бұл жаңалығын уатсаппен Күлипаға жазды. Ол мәз болып тұрған смайлик салып жіберді.
Ажар мерекені сағынып қалыпты. Сыпайы даяшы бұларды отыз екі тісін көрсетіп қарсы алды. Ажарға ыржиып тұрған жігіт бірден ұнамады. «Алымы жоқ, берімі жоқ, қазақ жігітіне орынсыз ыржалаңдаған жараспайды»-деп ойлады ол. Өзіне күлімсірей қараған Жанболатты көргенде бәрін ұмытқан бақытты келіншек «бүгінгі сәтті дүниенің жарты байлығына айырбастамас едім», – деді ішінен. Жүзі бал-бұл жанған ол азаматына  еркелей көз тастауды да ұмытқан жоқ.
Кеш өте көңілді өтті. Екеуі армансыз биледі. Отырыс соңында ерке келіншек өзін жайсыз сезіне бастады. «Тамақты көп жеп қойдым» деп ойлаған Ажар жүрегінің айнып тұрғанын сезді. Жанболатқа айтып, мазалағысы келмеді. «Қазір басылатын шығар» – деп үміттенген... Бекер үміттеніпті, ол енді өзінің лоқсып, құсқысы келіп отырғанын сезді. 
«Мен қазір!» деді де, орнынан түрегеліп әжетханаға қарай құстай ұшты. Құсқан соң жеңілдеп қалды.
Үйге келген соң, тез ұйықтап қалмақ болған әрекетінен де түк шықпады. Жүрегі айнығаны күшейіп, аяқ астынан температурасы көтеріліп кетті. Сасқанынан күйеуі жедел жәрдем шақырды. «Не жеп едің, бір нәрседен ұшынып қалдың ба?» – дейді аузына басқа сөз түспей... Қайта-қайта су әкелді. Сөйтіп, екі кештің арасында не істерін білмей жүгіріп жүрген Жанболат жедел жәрдемді көргенде қуанып кетті. Жедел жәрдем қалай тез келсе, солай тез кетті. Жай кеткен жоқ. Түймедей дәрі беріп, түйедей кеңес беріп кетті. «Сіз қызықсыз, – деді ақ халат киген қара қыз тықақтап. Ойнап жүрген «жедел жәрдем» бар ма? Аяғы ауыр кезде мұндай жағдай болып тұрады. Келіншегіңіз тіпті гинекологқа есепке де тұрмаған...».
Күңкілдей сөйлеген қара қыз мелшиіп тұрған Жанболатқа таңырқай қарап, ұзап бара жатты...  
Бибігүл БӨБЕКБАЙ

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх