Ұлттық компания басшысы мұнайшылармен кездесті

Ұлттық компания басшысы  мұнайшылармен кездесті
30.11.2018
136
Жаңалықтар

Ұлттық компания басшысы мұнайшылармен кездесті

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы болып жуырда ғана тағайындалған Алик Серікұлы Айдарбаев өз қызметін қарапайым мұнайшылармен кездесуден бастады. 
25-26 қараша күндері Жаңаөзен қаласына жұмыс сапарымен келген ол «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының өндірістік құрылымдарын аралап, еңбек адамдарымен емен-жарқын араласып, олардың еңбек жағдайларымен жақынырақ танысты. 
Алик Серікұлы ең алдымен өндірістің құрылымдық бөлімшелеріне барып, кенорнында еңбек етіп жатқан мұнайшылармен жүздесті. Өзен кенорындағы мұнайшылардың әлеуметтік жағдайларын олардың өздерінен естіген Ұлттық компания басшысы аталмыш компанияның мұнай дайындау және ауыстырып құю цехында, мұнайкәсіпшілігі құрал-жабдықтарын жөндеу және технологиялық коммуникация басқармасында, жерасты құрал-жабдықтарының диагностикасы мен жөндеу жөніндегі цехтарды аралап көріп, еңбек адамдарының өздеріне тапсырылған жұмысты жауапкершілікпен атқарып жатқанына көз жеткізді. Сондай-ақ кәсіпорынның суды алдын ала төгу қондырғысының, скважиналарды жерасты және күрделі жөндеу қондырғыларының жұмыстарын жүргізу барысын бақылап шықты.
Алик Айдарбаев мұнайшылармен кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ұлттық компанияның алдында қойып отырған бірқатар нақты тапсырмаларды орындау жолында еңбек адамдарының жауапкершілігі бұрынғыдан да арта түскенін тілге тиік етті. Сонымен қатар мұнай-газ саласының компаниялары арасында бәсекеге қабілеттілікті арттыру керектігін алға тартты. Мұнай өндірудің өзіндік құнына кіретін еңбекақы мөлшерінің аз еместігін айтқан ол алдағы уақытта өндіріске қарқын бере отырып мұнай өндіру көлемін ұлғайту керектігін де қадап айтты. Өзен кенорнының әлеуетін бұрыннан жыға танитын жаңа басшы айтылып отырған мәселелердің өзі үшін жаңалық еместігін айта келе, қордаланып қалған сұрақтарды мүмкіндігінше тезірек шешу жолдарын қарастыратынын да жеткізді. 
Өндірістік бөлімшелерді аралап шыққаннан соң Алик Серікұлы өндірістік құрылымдық басқармалардың басшыларымен, кәсіподақ ұйымының төрағаларымен және еншілес мекемелердің басшылық құрамымен кездесті. Кездесуде компанияда әлеуметтік және өндірістік бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі сөз болды. Бірқатар өзекті мәселелер бойынша Алик Серікұлы жиналғандармен пікір алмасты. Компанияда биыл атқарылған жұмыстар мен олардың алдағы жоспарларымен тереңірек танысқан Алик Серікұлы бірқатар мәселелер төңірегінде, әсіресе, аутсорсинг, мораторий мәселелері бойынша өз ойларымен бөлісті. 
«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамындағы кездесу барысында Алик Серікұлы сонымен қатар кәсіпорынның әрбір қызметкері атқарып отырған жұмыс ел экономикасы үшін аса маңызды екенін және Ұлттық компания мұнай саласында еңбек етіп жатқан жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын, жас мамандар біліктілігін арттыру мәселесін ұдайы назарда ұстап отыратын ерекше атап өтті. Кездесу барысында «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының басшысы түрлі сауалдарға жауап беріп, бүгінгідей жаһандану заманында өндірісте кездесетін барлық қиыншылықтарды бірлесе отырып шешудің аса маңыздылығына ерекше тоқталды. 
Жұмыс сапары барысында ҚМГ Басқарма төрағасы Жаңаөзен қаласының ақсақалдарымен жүздесіп, халықтың жағдайымен танысты. 
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх