Ұлы даланың жеті қыры

Ұлы даланың жеті қыры
30.11.2018
145
Қызметкерлер

Ұлы даланың жеті қыры

Мұнайшылар пікірі

Жәнібек Нұғыманов, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры:

Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы «Рухани жаңғыру» мақаласының заңды жалғасы іспеттес. Аталған мақалада дауылдармен алысып, тағдырымен қарысып, өсіп-өркендеп келе жатқан байырғы қазақ халқының тарихына тоқталып өтеді. Өзі айтпақшы, «қазақ тарихында ұрпақ ұялатындай ештеңе жоқ».
«Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал, жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды», – дейді.
Елбасы мақаласында Ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық материалдары бар екендігін айтады. Расында да, самұрық, жезтырнақ, таутайлақ тәрізді миф пен ертегі кейіпкерлері кино өнеріне сұранып тұрған жоқ па?!
«Уәжге түйе де шөгеді» демекші, Елбасы көтерген рухани жаңғыру мен сананы жаңарту ұлттық сапаны көтеру болып табылады. 

Мәдина ТЕГІСБАЕВА, «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкері:
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылы Әбу Насыр Әл-Фарабиді дүниеге әкелгенін, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Яссауидің Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқанын айтады.
Президентіміздің Түркология конгресін өткізу туралы ұсынысы да ғалымдар тарапынан қызу қолдау тапты.
Өскелең ұрпақ қазақ елінің бай тарихы бар екенін біліп өсуі керек. Ешбір халық өзінің тарихын білмей, болашаққа қадам баса алмайды. Мақала бізге ата-бабаларымыздың ұлылығын еске салуымен құнды. 
«Мен үшін елімді дамыған елдердің қатарына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат жоқ» дейді Елбасы бір сөзінде. Біз Елбасымен мақтанамыз. 

Гүлшат ЖҰМАҒАЛИЕВА,
«Доссормұнайгаз» МГӨБ архивариусы: 

Кең байтақ дала төсінде қоныс теуіп, мекен еткен қазақ халқының тарихы тереңде жатыр. Саясаттың салқыны, қала берді әр дәуірдің қилы-қилы кезеңдері ұлттық болмысызды толық айқындауға кедергі болды. Ал, сол олқылықтың орнын толтырып, өткенімізді түгендеуге мүмкіндік беретін Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы – ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаһандық жаңашылдыққа жетелейтін жол.
Бұл мақала жарияланған күннен бастап үлкен қолдауға ие болғаны ақиқат. Өйткені, ұлттық болмысыздың өзіндік ерекшелігін, құндылықтарын айқындады. Тарихтың берер тағылымы мол. Оған дәлел – Атырау өңіріндегі Сарайшық, Ақтөбе-Лаэти қалашықтары, Жылыой жерінен табылған Алтын адам, Қызылқоға жеріндегі сарматтар дәуірінің бұйымдары, Индер ауданындағы «Теректі» қабірінен табылған ХІ ғасырға жататын салмағы 30 келі темір сауыт және тағы басқа құнды жәдігерлер. 
Мемлекет басшысы қазақ халқының тарихын тұтас қалпында зерделеу, ғылыми тұрғыдан терең зерттеу қажеттігін баса айтты. Тарих қойнауына терең үңіліп, ауқымды зерттеулер жүргізу үшін жеті жылдық «Архив-2025» бағдарламасын ұсынды. «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы тарихы ғасырдан астам уақытты қамтиды. Осы жерде 1911 жылы №3 ұңғымадан 225 метр тереңдіктен юра қабатынан мұнай фонтаны атқылады. Сол кезден бастау алған тарих бүгінгі күнге дейін қалыптасып, дамып келді. Бұл мұнай фонтаны Ембі ауданының келешегінен үлкен үміт күттіріп, оның атағын бүкіл әлемге жаяды және ол тек Ресей ғана емес, шетел өнеркәсіпші топтары тарапынан да үлкен қызығушылық туғызды. Көптеген атақты мұнайшылар осы жерден тәрбиеленіп шықты. 1917-1920 жылдары болған оқиғалар, төңкерістер, азамат соғысы дамып келе жатқан мұнай кәсіпорнын қиратып, жұмысына тежеу салды. Алайда, еш қиындыққа қарамастан, Доссор өз жұмысын жалғастыра берді. Ұлы Отан соғысының қаһарлы жылдарында мұнайлы аймақтың ұл-қыздары жеңіс сағатын жақындату жолында айтарлықтай үлес қосты. Бұрғылау ісінде соққылы-галицийлік бұрғылаудан бастап айналсоқ, жылдамдатылған роторлық турбиналық бұрғылау тәсілдерін басынан өткізді. Мұнай өндірудің фонтандық, қолмен тартатын желонкалық тәсілінен бастап қазіргі технологиялық әдістерді игерді. Бастапқы кезеңде Доссор мұнайы жер қоймаларда сақталды, кеспектерге құйылып, түйеге теңдеп артылып және көлік арбамен Ракуш кентіне тасылды. Міне, осылайша Ембідегі мұнай кәсіпшілігі ісі қалыптасып, дамуының барлық сатылары мен кезеңдерінен өтті. Басқармамыздың мұнай өндіру тарихынан сыр шертетін осынау құнды деректер біздің мұражайымызда сақталған. 
Архив – тарихтың қайнар бұлағы. Төл тарихымызды жан-жақты танытуда оның орны ерекше. Мұрағат – кез келген халықтың рухани-мәдени өмірі жайынан сыр шертетін деректі шежіре, келер ұрпақтың мүддесіне кәдеге асатын мәңгілік таусылмас қазына. Тарихсыз қоғам, халық, мемлекет болуы мүмкін емес. Елбасының «Архив-2025» бағдарламасы ата-бабаларымыздың тарихын, олардың салт-дәстүрін, өмір жолдарын білу келешек ұрпақ үшін де бірден-бір құптарлық іс деп ойлаймын.
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх