Қыр астында қылаңдайды қырық жыл...

Қыр астында қылаңдайды қырық жыл...
30.11.2018
96
Қызметкерлер

Қыр астында қылаңдайды қырық жыл...

Бір айдан кейін табалдырықтан аттайтын 2019 жыл қара алтынды Қаламқас кенорны үшін мерейлі белес. Кенорынға – 40 жыл толмақ. Қазақ елінің қазыналы қазаны – Қаламқас кен орны үшін келесі жылдың ерекшелігін ескере отырып, сөзбасы ретінде Маңғыстау өлкесінің ғана емес, Қазақстанның маңдайға ұстар, мақтан тұтар өндіріс орындарының бірі саналатын «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қазыбек Нұрмұхановпен сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.


– Қазыбек Нұрмұханұлы! Біздің тұсаукесер сұхбатымызды Қаламқас тарихының біреу біліп, біреу білмейтін жылнамасынан бастасақ...
– Қыр басынан қылаң беріп тұрған 40 жыл ішінде Қаламқас тарихи жолдан өтті. Қазір аяғынан тік тұрған кен орынның қатарында.
Тарих қалай басталған еді деген сұрағыңа жауап берейін. 1975 жылы Гурьев геофизикалық экспедициясының мамандары зерттеу жұмысын жүргізіп, Қаламқас қойнауында мұнай қорының мөлшері жарты миллиард тоннадан астам екендігін анықтайды.
Бүгінгі Қаламқас кенорнының жылнамасы сонау 1976 жылғы қытымыр қаңтар айының 30 жұлдызынан бастап жазылады. Дәл сол күні «Мангышлак-нефтегазразведка» тресiнiң барлаушылары бүгінде Қазақстандағы iрi мұнай-газ кенорнының бiрi болып табылатын Қаламқас кенорнының №К-1 ұңғысынан (бұрғылау шебері Алексей Иванович Волочаев) алғашқы газ бұрқағының атқандығы туралы баяндама жасайды. Көп ұзамай, сол жылдың 24 шілдесі күні Қаламқас кенорнының №3 ұңғысы (бұрғылау шебері М.И.Кривцов) алғашқы барлау мұнай бұрқағын береді.
Барлаушылар түбек халқының болашағын жаңа өндірістік нысанмен байланыстырып, зор қуанышқа кенелтедi. Осы бір елеулі оқиғалар тізбегінен кейін мемлекет басшылығы Бозашы аймағына аса зер салып, СОКП мен Минист­рлер Кеңесінің шешімдерімен «Расширить геологоразведочные работы на нефть и газ в западном Казахстане, ускорить освоение нефтяных месторождений на полуострове Бузачи» деп Қаламқасты жедел игеру міндетін қойды.
Нәтижесінде сол кездегі Кеңес Одағының Геология министрлігі, Мұнай өнеркәсібі министрлігі, Мұнайгазқұрылыс министрлігі, Энергетика министрлігі және т.б. кәсіпорындары абыройлы іске жұмылдырылып, мұнай құбырларының, электр тасымалдау желілерінің, автожолдың, басқа да қажет объектілердің құрылыстары қарқынды жүргізіліп, өндіріс ошағын дамытумен қатар, өлкеде ауылды өркендетуге, халықтың мәдениетiн, тұрмысын жеңiлдетуге теңдессiз ықпал еттi.
Ал, Қаламқастың ресми өндірістік жылнамасы 1979 жылдың 23 тамызынан бастау алады. Осы күні Қаламқас кенорнының №66 ұңғысынан алғашқы өндiрiстiк мұнай бұрқағы атты. Бұл күні «Бозашы түбегінде мұнай жоқ» деп күмәнданғандардың теріс пікірлері жоққа шыққан еді.
Вахта басында мұнай өндiру шеберi Көшербай Әлiбаев, операторлар Орынбасар Шадияров, Сәндiбек Тiлеуов, Әдiлғазы Мұстапин болған едi. Қаламқастықтар сол 1979 жылдың аяғына дейiн 73 мың тонна «қара алтын» өндiріп, 1980 жылғы 2 қараша күнгi сағат 12-де Көшербай Әлiбаевтың бригадасы құрметтi вахтаға тұрып, кенорнының 1 000 000 (бір миллионыншы) тонна “қара алтынын” өндiрдi. Құрметтi вахта құрамында бұл жолы да операторлар Орынбасар Шадияров, Сәндiбек Тiлеуов, Әдiлғазы Мұстапин және Мария Өтегенова болды.
Бұл кездейсоқ цифрлар емес, ол Бозашының қытымыр қысында, аптап жазында бір сәт тағат таппай жан беріп, жан алысқан құрыш қол мұнайшының ащы тері мен ғылым-білім жолындағы тынымсыз ізденістерінің нәтижесі. Қаламқас «арудың» жылнамасын ғылыми қөзқараспен саралар болсақ, сонау 1976 жылдан бастап күні бүгінге дейін кенорын аумағында өндіріс пен инновация қос бұрымдай тығыз өріліп келе жатыр. Мысалы, 1979 жылы пайдалануға қосылған бойда қабаттың мұнай қайтарымын арттыру мақсатымен Қаламқас кенорнында беттік белсенді заттар қоспаларын айдайтын тәжірибелік учаске ашылып, кейін мұнай өндірісінің технологиялық процестерін химияландыру жөніндегі аймақтық «Мангышлак-нефтепромхим» басқармасы құрылды. 1980 жылы Қаламқас кенорнында мұнайды полиметрлік әдіспен өндіру тәжірибесі басталды. Қазіргі таңда өңірімізде кең таралған жер қабатына қыздырып әсер ету әдісі де осы Бозашы түбегінен бастау алған-ды. Сондай-ақ, мұнай өндiрудi арттыруға елеулi пәрмен берген қабаттағы мұнай көздерiн үлкен қысыммен жару әдiсi; жөндеуаралық мерзімін ұзартып, күтіп ұстауға кететін шығынды едәуір қысқартқан бұрандалы сорап қондырғылары; 95 пайызға дейін мұнайды тазарта алатын алдын ала су айыру қондырғысы; теңіз флорасы мен фаунасын экологиялық қауіптерден сақтап әрі кенорынды теңiз жақтан жиi соғатын алып толқындардан қорғау мақсатында жағалауға тұрғызылған ұзындығы 32 километрлiк, енi 8, ал биiктiгi 5 метрлiк дамбы-бөгет; газ турбиналық электр стансасы; Қияқты тұщы су кенорны сияқты тағы басқа көптеген озық үлгідегі қондырғылар мен ғылыми жаңалықтар ел игілігіне қызмет етіп, өндірістің тасы өрге домалап келе жатыр.
Кенорын қуаты мен әлі өндірілуге тиесілі мұнай көлемін, жасалып жатқан ғылыми-техникалық ізденістерді ескерсек, кенорын жылнамасы әлі неше ұрпаққа жалғасып, оған жазылар елеулі оқиғалар алда деген сенім ұялайды. Осы орайда еңбегімен елдің батасын алған, Бозашы түбегінің түлеуіне ерен еңбегін сіңірген мұнай майданының мыңдаған қаһармандарының адал еңбегі өлке тарихында мәңгі қалары сөзсіз.
– Қазыбек Нұрмұханұлы, бүгінгі сұхбатымызды оқырман Қаламқастың 40 жылдық тарихына арналатын әңгіменің әлқиссасы деп қабылдасын. Танымды әңгімеңіз үшін Сізге алғысымыз шексіз! 
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх