Мұнайшылық – ата кәсіп

Мұнайшылық – ата кәсіп
30.11.2018
74
Қызметкерлер

Мұнайшылық – ата кәсіп

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға қарасты Жетібай кенорнында еңбек етіп келе жатқан бүгінгі кейіпкеріміз Алмагүл Абатқызы еңбекпен есейген жылдарына дән риза.
Еңбек жолын 1987 жылы операторлықтан бастаған Алмагүл Оразалиева бүгінде геолог мамандығының нағыз майталманы. №3 мұнай және газ өндіру цехында ғана емес Жетібай кенішінде білікті геологты білмейтін адам некен-саяқ.
Әкесі Абат Мәскеудегі М.Губкин атындағы мұнай мен газ университетін тәмамдаған, шеттен білім алған білікті мамандардың алғашқы сапынан еді. 1958 жылы құрылған Батыс Қазақстан геология басқармасында жемісті еңбек етіп, кейіннен дүние салды.
– Әкем өмірден озғанда бала едім. Ол кісінің еңбек жолын есейе келе бауырларымнан естіп-біліп, кейін «мұнайшы болсам» деген арманның жетегіне ілестік қой. Мақсат орындалды. Сонау Жайық бойынан жылжып, мұнайлы мекенге тұрақтадық.
Атырауды тастап, Маңғыстау қайдасың деп тартып отырған Алмагүл қазыналы түбектен өмірлік бақытын кездестіріп, 1992 жылы үлкен шаңыраққа келін болды. Өсіп-өнген әулетті ел ішінде мұнайшылар династиясы дейді. Марқұм атасы Орынбасардың жолын қуған ұл-қыздары Баянсұлу мен Ағатай да мұнайшылар. Жары Жұма «ОйлТранспортКорпорэйшн» мекемесінде машинист болып еңбек етеді.
Өндіріспен бірге есейген Алмагүл Абатқызының естелігі бірлігі жарасқан мұнайшы әріптестері туралы жылы лебізге толы. Бір кездері мұнай және газ өндіру цехының шебері болған Алик Айдарбаевтың еңбек мектебінен өткен қайсар қыз талай қиындықты қайсарлықпен ноқталап, қаймықпай күрескенін айтты.
– Ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Шебердің аты шебер ғой. Жас болса да бас бола білді.
Өңкей «мен атайын, сен тұр» дейтіндей атпал азаматтармен қанаттаса еңбек еткен мықты маманның еңбегі еш кеткен жоқ. Компания Басқармасының Құрметі мен Алғысынан өзге, төсбелгісі тағы бар. 30 жыл табан аудармай өлкенің өндірісін дамытуға бір кісідей үлес қосып, мұнайшылық ата кәсібін адал атқарып жүр. Өз жұмысының өндірістік қарқыны туралы Алмагүл Абатқызы былайша баяндады:
– №3 мұнай және газ өндіру цехында 80 адам екі ауысымда жұмыс істейді. Тәулік ішінде ұңғымалардың берген өнімдерін бақылап, қай ұңғының өнімі аз болса, соларды қадағалаймыз. Бір тәулікте өндірген өнімнің көрсеткіштерін есептейміз.
Түзде геолог, үйде адал жар, аяулы ана, жолдасы Жұма Амановпен 4 бала тәрбиелеп отырған Алмагүл көкейдегі көп мақсатының бірі – ұлын үйлендіріп, келін алып, немере сүю екенін айтты. Ана арманы осы!
Қазақта «маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды» деген жақсы сөз бар. Істің көзін, еңбектің ебін тауып, қазыналы аймақтың қара алтынын халық игілігіне жаратуда Алмагүл Абатқызы секілді жандардың еселі еңбегі дәлел бола алады.

Жаннат КЕМАЛ

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх