Ардагерлерге арқа сүйейді

Ардагерлерге арқа сүйейді
30.11.2018
79
Қызметкерлер

Ардагерлерге арқа сүйейді

Қараша айының 23 жұлдызында «ӨзенМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйым­дастыруымен еңбек ардагерлерінің басын құраған салтанатты жиын өткізілді. Жиынға серіктестік қабырғасында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, қазіргі таңда еңбек демалысына шыққан ардагерлер шақырылды. Қонақтар құрметіне арнайы дастарқан жайылып, мерекелік ас әзірленді.
Серіктестіктің ардагерлеріне арналған мерекелік шараға зейнеткерлермен қоса мекеме басшылығы және ұжымның аға буын өкілдері де қатысты. Мерекелік отырыс­та бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагерлер көптен көрісіп, бір-бірінің хал-жағдайын білісті. Серіктестік басшылығының тілегін тыңдап, әріптестерімен арқа-жарқа әңгімелесіп, көңіл көтеріп, жиын соңында ұжымға бата-тілегін жаудырды.


Басқосуда «ӨзенМұнайСервис» ЖШС директорының міндетін атқарушы О.Тарғынов Жаңаөзеннің 50 жылдығына орай «Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы» атағын иемденген ардагер маман Майлыбай Өтебайұлы марапатымен құттықтап, иығына шапан жапты. Сонымен қатар, мекеме атынан ардагерлерге бірқатар сый-сияпат табыс етіп, басшылық атынан ақ тілегін жолдады.
Салтанатты жиында қаланың белгілі өнерпаздары өнерлерін ортаға салып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, аталмыш шара еңбек ардагерлері мен Серіктестік арасындағы байланысты нығайтып, назардын тыс қалдырмай, үлкенге құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылуда. Жыл басында қолға алынған игі бастама жалғасын тауып, осымен екінші кезек өткізіліп отыр.

Қаламқас АМАНҚОСОВА

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх