Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы

Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы
30.11.2018
107
Қызметкерлер

Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы

Майлыбай Өтебайұлы – адами биік қасиеттердің барлығын бойына сіңіріп, мамандығының майталманы, кәсібінен нәсібін тауып, ғылымның да белесін бағындырған азамат. 1954 жылы Түрікменстан Республикасының Көне-Үргеніш ауданында дүниеге келді. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті) «мұнай және газ скважиналарын бұрғылау» мамандығы бойынша бітірген. Шалғайда тұрып, ақ арманының жетегімен Алматыға келіп, мақсатына жеткен жас маман диплом алған соң Маңғыстау түбегіне аттанған. Жас маман Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасында қатардағы бұрғышы болып еңбек жолын бастап, сол кезеңдегі Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасының басшысы Нәсіпқали Марабаевтың мектебінен өткен.  Н.Марабаев жастардың өндірісте ширығып, ысылуына үйретіп, бұрғышы кәсібін сүюге баулып, «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы»  демекші, абзал азаматтың жастарға көрсеткен тәрбие-тағылымы үлкен өмірге даңғыл жолдың бастауы болған. Қайсар мінезімен қиындықты жеңе білетін Майлыбай Өтебайұлы 1976 жылы барлау-бұрғылау бригадасына бұрғышы шебердің көмекшісі болып қызметін ауыстырған. Оның табиғи болмысы жігерлі, өжеттілігімен жетістіктерге жететін жандардың қатарынан бола білген. Істегі жауапкершілігі және айтқанынан қайтпайтын табандылығының арқасында М.Өтебайұлы өндірістің ауыр жұмысымен қатар ғылыми бағытта да ізденіп, біраз тер төккен. 
Өндірістегі еңбек жолын ғылыммен ұштастыра білген азамат  көп ұзамай аға технолог, ауысым бастығы, Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасында АИТҚ бастығының орынбасары, бастығы, Өндірісті техникалық жабдықтау басқармасы директорының бірінші орынбасары сияқты қызметтің белді буындарында абыройлы еңбек еткен.  Ақтаудағы «Экономикс» ЖШС директорының орынбасары, «Круз» ЖШС атқарушы, техникалық директоры болып қызмет істеген. 
Техника ғылымдарының докторы, Ресей Федерациясының Халықаралық экология және тіршілік қауіпсіздігі ғылым Академиясының академигі Майлыбай Өтебайұлы 25 ғылыми еңбектің, Қазақстан Республикасында 5 инновациялық патенттің және жоғары оқу орындарына арналған  қазақ тіліндегі «Күрделі жағдайларда ұңғыларды бұрғылау және апаттық құралдар» кітабының авторы.  
2007-2009 жылдары «Мұнай және газ ұңғыларын бұрғылау» мамандығы бойынша Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-де, ал 2010-2013 жылдары Каспий қоғамдық университетінде Мемлекеттік аттестациялық комиссияның төрағасы атанған. Өндірістегі табыстары үшін «Өзен кен орнына 40-жыл», «Маңғыстау мұнайына 50-жыл», «Маңғыстау облысына 40-жыл», «Айрықша еңбегі үшін», Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ «Үздік түлегі», «Бекет Атаның 250 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-ның құрмет грамоталарымен марапатталған.
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх