Балаларға арналған бес алаң

Балаларға арналған бес алаң
Демеушілік
Жуырда Атырау облысының үш ауылы мен облыс орталығының екі мөлтек ауданында «Samruk-Kazyna Trust» қорының демеушілігімен бірнеше балалар спорт және ойын алаңдары ашылды.
Әмбебап алаңдарды салудағы мақсат – халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыру және олардың бос уақытын ұйымдастыру.
Естеріңізге сала кетсек, аталған қор «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының, соның ішінде «Ембімұнайгаз» АҚ-ның атынан тұрғындардың әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге бағытталған қайырымдылық жобалары мен бағдарламаларын жүзеге асырып келеді.
–Қараша айының 17-23 күндері аралығында балалар мен үлкендерге арналған әмбебап алаңдар Атырау қаласының екі ірі мөлтек ауданы – Тұрғындар қалашығы мен Алмагүлде, сонымен қатар, ЕМГ-нің өндірістік құрылымдық бөлімшелері орналасқан үш елді мекен – Мұқыр, Доссор, Аққыстауда ашылды. Бұл алаң «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен салынды. Аталған жоба қордың әлеуметтік инфрақұрылымды дамытумен қатар, азаматтық бастамаларды, тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеу, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатындағы «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында іске асты, – деп атап өтті Атырау қаласының Тұрғындар қалашығы мөлтек ауданындағы алаңның ашылу салтанатына қатысқан ЕМГ Басқарма төрағасының орынбасары Сәлімжан Нақпаев.
Облыс аудандарындағы алаңдардың ашылу салтанатына Компанияның өндірістік құрылымдық бөлімшелері өкілдері – «Қайнармұнайгаз» МГӨБ бас инженері Қ.Қоданов және «Доссормұнайгаз» МГӨБ басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары С.Мұхамбетов қатысты.
Облыста салынған барлық 5 алаңның жалпы құны – 278 миллионнан астам теңгені құрады.