Бірінші байлық – денсаулық!

Бірінші байлық – денсаулық!
30.11.2018
76
Қызметкерлер

Бірінші байлық – денсаулық!

Соңғы кезде өзенмұнайгаздық мұнайшылар арасында қауіпті аурулар қатарына жатқызылған инсульт пен инфарктің көбейіп кетуі – алаңдатарлық жағдай. Психолог мамандар бұл аурулардың басты себебіне жалғыздық пен тұйықтықты жатқызады. 
«Топырлаған елдің ішінде жүрсе де жүрегі жалғыздықтан жабырқап тұратын адам өте көп. Ақтарылып әңгіме айтып, сыр бөлісетін адамы жоқ жан жүрек ауруына шалдығады. Дүрбелең дүниенің жұртшылықтың дегбірін алып, тынышын кетіргені соншалық, бүгінде әркім өз басымен қайғы. Бірі ұзақ жылға алған несиесін төлеумен әуре, біреуі үй салу үшін тепеңдеп жүр дегендей... Уайым адамды депрессияға, стреске апарады. Қазақтың «етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?» деген нақылы осындайға айтылса керек-ті», – дейді олар. 
Ұйып қалған қан түйіршектері жүректе қалып қойса инфаркт, мида қалса инсульт болады. Бұл ауруларға көбінесе ер-азаматтар шалдығып отыр. Дәрігерлер ер-азаматтарға ішімдіктен, темекіден үзілді-кесілді бас тартуды, қуырылған, майлы асты шектеуді ескертеді. Аталған ауруға шалдығу – бей-берекет өмір сүретін адамдар арасында жиі кездесетіні ақиқат. 
Сонымен бұл аурулардың алдын алу үшін не істеу қажет деген сауалға жауап іздеп көрейік. Тағы да дәрігер-мамандардың пікіріне жүгінуге тура келеді. Олар біздерге шахмат ойнауға, тақпақ жаттап, сөзжұмбақтар шешуге кеңес береді. Әлдекімге бұл баланың ойыны сияқты болып көрінуі мүмкін. Алайда, адамның денінің сау болуы үшін миының белсенді жұмыс жасауы шарт, яғни, миыңызды «шаң басып қалмау үшін» үнемі дамытып отырыңыз. Ауруға шылдықпау үшін дұрыс тамақтанудың да рөлі зор. Тамақты артық, талғамсыз жеу диабет, рак, жүрек ауруларына апарады. Ауырғыңыз келмесе, дұрыс тағамдарды тұтыныңыз. Бұл дегеніңіз – адам «тірі» тамақ ішу керек деген сөз. Жеміс-жидек, сүт, қымыз, шұбат. Қанттың орнына бал жеңіз. Бал көп дертке шипа болады. Бүгіннен бастап, қазірден бастап алдымызға ауырмай, ұзақ ғұмыр кешейік деген мақсат қояйық! 
«Жігіттің дені сау болса – дәулет» депті Құтып бабамыз. Бүгіннен бастап күн тәртібіңізді реттеп, өз өміріңізді тәртіпке келтіріңіз! Инфаркт пен инсультқа тап болған адам не көз жұмады, не мүгедек боп қалады. Тілсіз, қимылсыз, сырт көмексіз еш нәрсеге қауқары жоқ «тірі өлікке» айналады. Бір мүгедек пайда болса, бүкіл отбасының тіршілігі өзгереді.
Тоқетері, әр адам – өз бақытының ұстасы. Сіздің денсаулығыңыз да өз қолыңызда. Дұрыс тамақтанып, спортпен дос болсаңыз, тәніңіз сау болады. Кітап құмар болсаңыз, жаныңыз сау болады. Таңдау өзіңізде!

Құралай ҚҰРМАНӘЛИЕВА,
«Өзенмұнайгаз» АҚ
Әлеуметтік әкімшілік департаментінің аға маманы
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх