Жасалған жұмыс та, атқарылар іс те көп

Жасалған жұмыс та, атқарылар іс те көп
12.12.2018
75
Өндіріс

Жасалған жұмыс та, атқарылар іс те көп

«Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков ұжым алдында 2018 жылдың он айының қорытындылары бойынша есеп берді.
Есеп беру жиналысына Компания басшылығы, басқару аппаратының және өндірістік құрылымдық бөлімшелерінің басшылық құрамы, цех пен әр бөлімшенің әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдерінің басшылары, кәсіподақ комитеттерінің жетекшілері және қызметкерлер қатысты.
ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков Компанияның барлық қызметкерлеріне еңбекті қорғау бағытындағы жұмыстары мен жетістіктеріне алғыс білдірді. Айта кетсек, өткен он айда бірде-бір адам өлімі немесе апаттық жағдайлар тіркелген жоқ. 
– Бұл біздің ортақ жетістігіміз! Компания үшін ең маңыздысы – өндірістік көрсеткіштер емес, әр қызметкеріміздің үйі мен отбасына аман-есен оралуы екендігін бұған дейін де айтып келемін, – деді есеп беру жиынында ЕМГ басшысы.   
Компания басшысының айтуынша, аталған кезеңде ЕМГ бойынша 2 миллион 398 мың тонна мұнай өндіріліп, мұнайды тапсыру жоспары 2 миллион 371 мың тоннаға орындалды. Ілеспе мұнай газын өндіру 135,96 миллион текше метрді құрап, жоспарланған көлемнен асып түсті. 2018 жылға мұнай өндіру мен тапсыру жоспарлы көрсеткіштерге сай келіп отыр.
Компания басшысы әрбір құрылымдық бөлімшенің өндірістік, күрделі құрылыс, технологиялық үдерістерді автоматтандыру, жаңа жобалар мен технологияларды енгізу, өндірісішілік жолдар құрылысы бағдарламасын іске асыру көрсеткіштеріне тоқталып, ЕМГ өндірістік блогы мен әр Басқарманың біріккен жұмысын ерекше атап өтті. Басқару аппаратының негізгі департаменттерінің жұмыс қорытындылары қаралып, анықталған проблемаларды шешу жолдары сараланып, барлық сауалдар бойынша жетекшілік ететін басшыларға нақты тапсырмалар берілді.
– Компания әлеуметтік инфрақұрылымның материалдық-техникалық базасын жаңғырту бағдарламасын іске асыруды жалғастырып жатыр. Биылғы жылы Кенбай кен алаңында жаңа жатақхана, Қисымбай және С.Балғымбаев кен орындарында екі асхана пайдалануға берілді. 


Компания өз қызметкерлерін бәсекеге қабілетті еңбекақымен және әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етіп келеді. 2018 жылдың 9 айында «Ұжымдық шартқа» сәйкес, 258 миллионға жуық теңге көлемінде өз қызметкерлерінің алдындағы міндеттемелерін орындады. Бұған зейнеткерлерді қолдау бағытындағы түрлі төлемдер, жыл сайынғы еңбек демалысына қоса сауықтыру төлемдері, баланың дүниеге келуіне байланысты бір реттік төлемдер, құрметті демалысқа шығу, жүктілік пен бала тууға байланысты төлемдер, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін медициналық сақтандыру, ата-аналардың балалардың демалысы үшін сауықтыру лагерьлеріне жұмсалатын шығындары және тағы басқалар кіреді. Жұмысшылар демалыс және денсаулықтарын шыңдау орындарын өздері таңдай алады. Сонымен қатар, Компания жұмысшылардың шипажай-курорттық емдерінің де шығындарын өтейді, – деп Ә.Жақсыбеков әлеуметтік мәселелерді егжей-тегжейлі түсіндірді. 
Кадр саясатын жүзеге асыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Осы жылдың он айында қауіпсіздік техникасы бойынша міндетті курстардан 4300-ден астам қызметкер өтті, 874 инженер-техник маман біліктіліктерін арттырды, даярлау және қайта даярлау курс­тарынан 816 қызметкер (соның ішінде, 60 жұмысшы – профильді емес мамандық түрлерін оңтайландыру бойынша) өтті.  
Кадрлық резервті қалыптастыру және дуалды оқыту бағдарламалары сәтті жүзеге асып келеді. Дуалды оқыту бағдарламасы бойынша 2015 жылдан 2018 жылғы қараша айына дейін Атырау мұнай және газ университеті, АПЕК Петротехник жоғарғы колледжінің 74 студенті өндірістік білім алып, тәжірибеден өтті. Барлық тағылымгерге «3-разрядты ұңғыларды зерттеу операторы» біліктілігі берілді. 19 студент – «Сусыздандыру мен тұзсыздандыру қондырғысының операторы», 20 студент – «Мұнай және газ өндіру операторы» мамандықтары бойынша екінші біліктілікке ие болды. Тестілеу нәтижесінде жоғары балл жинаған 37 студент Компанияға жұмысқа қабылданды.
ЕМГ-нің 220 жұмысшысы денсаулығына байланысты Компанияда жүзеге асып жатқан бірегей жоба – «Мерзімінен бұрын зейнеткерлік демалысқа шығу» бағдарламасын қолданды (58 жастан бастап бес жылға дейін ай сайынғы жалақысының 48-50% жәрдемақы ретінде беріледі). Аталған бағдарлама өмірінің көп жылдарын Ембі өндірісіне арналған жұмысшыларды қолдау мақсатында жүзеге асуда. 
Компания басшысы, сонымен қатар, тәртіптік жазаның көпшілігі өз қызметтік міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған, жұмысқа деген немқұрайлы көзқарас танытқан, орта буын басшылары тарапынан бақылау жүргізбеген, қауіпсіздік техникасын сақтамаған қызметкерлерге қолданғанын атап өтіп, еңбек және орындаушылық тәртіпке баса назар аударды.  
Келісімшарт міндеттемелеріне сәйкес Компания Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға белсенді қатысып келеді. Жыл сайын бұл мақсатта облыстық бюджетке қаражат аударылады. 2018 жылы әлеуметтік жобаларды қаржыландыру үшін 1,8 миллиардтан астам теңге қаражат бөлінді.
– Көріп отырғаныңыздай, барлық бағытта ауқымды жұмыстар жүруде. Осыған орай, ұжымға Ембінің өркендеуіне қосып жатқан үлестері үшін алғыс білдіремін! Жылдың аяқталуына да аз ғана уақыт қалды. Алдымызда үлкен міндет тұр – 2 895 тонна көлемінде мұнай өндіріп, рекордты көрсеткішке қол жеткізу. Біздің кәсіби білікті мамандармен, ұйымшыл ұжыммен бұл мақсатқа қол жеткізерімізге сенімдімін, – деді сөзінің соңында Ә.Жақсыбеков. 
Ұжым алдында есеп беру жиыны барысында Компанияның құндылықтары жөнінде түсірілген корпоративтік фильм көрсетіліп, жұмысшылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.  

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх