Табиғатпен тіл табыса білсек...

Табиғатпен тіл табыса білсек...
12.12.2018
101
Өндіріс

Табиғатпен тіл табыса білсек...

Қаражанбас кен орнында қоршаған ортаны қорғау бағытында қазіргі уақытта ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Арнайы ұйымдар өндіріс пен тұтынудың жаңадан пайда болған қалдықтарын, өнеркәсіптің улы қалдықтарының уақытша полигонында жиналған өнеркәсіп қалдықтарын кәдеге жарату және жою жұмыстарын жүргізеді. Қаражанбас кен орнының аумағында өңделетін қалдықтар қауіпсіз жағдайға келтірілгеннен кейін кен орнының ішіндегі жолдарды күрделі жөндеу кезінде техногендік топырақтың орнына құрылыс материалы ретінде пайдаланылады. Бұл табиғат ресурстарын пайдаланудағы тиімді әдістердің бірі болып саналады. Осы жұмыстар алдағы жылы да жалғасын тауып, нәтижесінде полигон жиналған қалдықтардан тазартылатын болады. 
Сонымен қатар, «Үздік жайластырылған кен орны» ұранымен экологиялық жағдайды сауықтыру бойынша кен орнында ҚҚҰЦ, ГЦ, ЖПжИЖЦ, ЭЦ, МӨЦ-1, 2 және ППГ-1 цехтарының жұмыс істемейтін ескі нысандарына демонтаж жасалып, соның нәтижесінде 14617,84 тонна металл қалдықтары өткізілді. 5721,5 тонна құрылыс қалдықтары шығарылып, жойылды. 
Қаражанбас кен орнында 1980-1990 жылдары жиналып қалған ескі қалдықтар, атап айтқанда, жердегі үш қойма, теңіз қоймасы және мұнаймен ластанған жерлер бар екені белгілі. Соған орай компания ескі қалдықтарды жоюдың 2025 жылға дейінгі мерзімге арналған жол картасын жасады. Құжат Маңғыстау облысының Экология департаментімен келісілді. Жол картасының шеңберінде есепті жылы арнайы компаниялардың күшімен қойма мұнайынан шикі мұнай шығару бойынша тегін тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар жасалып, бұрғылау қалдықтары термодесорбция қондырғысында қайта өңделіп, кейін өндіріс ішіндегі жолдар мен алаңқайлардың құрылысына қажет топырақ алынды. Бүгінде технологиялардың экологиялық, экономикалық тиімділігіне тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтардың нәтижелері зерттеліп жатыр. 
Бұған қоса, кен орнын көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары өндірістік басқарма ұжымының арқасында жылдан жылға жалғасып келеді. Биылғы жылы 500 көшет отырғызылды. 
Сонымен қатар су қорларын тиімді пайдаланып, кен орнының жолдарындағы шаңды басу мақсатында біз жұмысшылар тұратын қалашық пен асханалар пайдаланған ағын суды нормативтік деңгейге дейін тазартып, шаң басуға қайтадан пайдаландық. 2017-2018 жылдар аралығында қайта тазартып пайдаланған ағын судың көлемі 103,2 мың текше метрге жетті. Нәтижесінде компания ағын сумен бірдей мөлшердегі ауызсуды үнемдеді. 
Қоғам жүзеге асырып отырған бұл шаралардың барлығы Қазақстанда жасыл  экономиканы дамыту тұжырымдамасының шешуші бағыты болып табылады. 
Қазіргі уақытта құзырлы мекемелердің тарапынан айыппұл санкцияларының азайғаны байқалады. Бұл да компанияның экология мәселелеріне ден қойып, анықталған кемшіліктерді жойып, мемлекеттік  органдармен бірлесе жұмыс атқарып отырғанын көрсетсе керек. 

Еркебұлан ОСПАНОВ, 
«Қаражанбасмұнай» АҚ 
қоршаған ортаны қорғау 
бөлімінің басшысы
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх