Жексенғали СӘРСЕНБАЙ, Электр цехының басшысы: Әр тамшы мұнайда энергетиктің де еңбегі бар

Жексенғали СӘРСЕНБАЙ, Электр цехының басшысы: Әр тамшы мұнайда энергетиктің де еңбегі бар
12.12.2018
95
Қызметкерлер

Жексенғали СӘРСЕНБАЙ, Электр цехының басшысы: Әр тамшы мұнайда энергетиктің де еңбегі бар

Желтоқсан айының үшінші жексенбісінде елімізде энергетиктер күні аталып өтеді. Бұл саланың ел өміріндегі маңызы айрықша. Өндірісте, оның ішінде кен орны жұмыстарында жоғары сұранысқа ие кәсіптің қыр-сырын меңгерген жандардың беделі зор. Кәсіби мереке қарсаңында біз «Қаражанбасмұнай» АҚ электр цехының басшысы СӘРСЕНБАЙ Жексенғали Қуанышбекұлымен сұхбаттасқан едік. 

– Жексенғали Қуанышбекұлы, алдымен электр цехының өндіріс үшін маңызы туралы айтып өтсеңіз? 
– Әрине, электр цехы Қаражанбас кен орнында мұнай өндіру барысында ең маңызды бөлімшелердің бірі екені даусыз. Біздің жұмыс кен орнының  барлық цехтарымен тығыз байланыста: мұнай өндіруден бастап, ұңғыларға су айдау, бу өндіру, станок пен жабдықтарға қызмет көрсету үрдістерін, кеңселер мен жұмыскерлердің  жатақханаларының жылы да жарық болуын қамтамасыз етеміз.  
«Қаражанбасмұнай» компаниясында энергетиктердің еңбегі мұнайшылардан кем емес. Әр тамшы мұнайды өндіруде энергетиктің де үлесі бар. Электр энергиясы болмаса, мұнай өндірілмейді. Біздің өндірістің мұнайы ауыр, яғни парафині көп болғандықтан, өндіру технологиясы электр қуатын көп қажет етеді. Соған сәйкес біздің энергетиктер де үлкен өндірісте тынымсыз тер төгіп жүр. 
– Электр цехы қазіргі уақытта кен орны бойынша нақты қандай жұмыстарды атқарып отыр? 
– Қазіргі таңда электр цехының негізгі мақсаттарының бірі – электр қуатын тиімді пайдалану, яғни нақты бағыттарда ғана пайдаланып, үнемдей білу. Соған байланысты қазір кен орнында конденсатор қондырғыларының күшін пайдаланып жатырмыз, өндірісті автоматтандыру ісі қолға алынған. 
Биылғы жылы мұнай, су, газ, бу жабдықтарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін көп жұмыс атқарылды. Оның ішінде: бұрғылаудан кейін ұңғымалардың электр жабдықтарын іске қосу, МПГУ-23тн №5,6 жаңа жиілік түрлендіргіштерін монтаждау, электр қондырғыларды жөндеу, ескіргендерін ауыстыру және техникалық қызмет көрсету, сыртқы жарықтандыру құрылғыларын жарықдиодты шамдармен ауыстыру, екі жаңа электр құрылғысын орнату жұмыстары жүргізілді. 
– Үлкен өндіріске көп мөлшерде жоғары кернеулі электр тоғы қажет. Тұрақты электр қуатын қайдан алып отырсыздар?  
– Жоғары кернеулі электр қуаты қаладағы «МАЭК»-тан 220кВ екі әуе желісі арқылы «УРПС» 220/110/10кВ қосалқы станциясына келеді. Сол станциядан кен орнындағы «Северная», «ПТВ», «Қаражанбас-2», «Промбаза», «Восток-1», «Восток-2», «ППГ-2» қосалқы станцияларына 110кВ әуе желісімен тарайды. Ал, осы қосалқы станция­лардан кен орнындағы барлық мұнай өндіру-дайындау, бу өндіру, су айдау қондырғыларына таратылып, барлық жұмыс үдерісі қамтамасыз етіледі. 
– Өндірісті электр қуатымен қамтамасыз етуде технологиялық жаңалықтар бар ма? Жұмыстарыңыз заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген бе? 
– Осы 2018 жылдың ішінде жаңадан МПГУ-23тн №5,6 пайдалануға берілді. «Керемет» асханасында дизельді электр станциясы іске қосылды. Мұнайды дайындау-айдау цехында жаңа жиіліктегі түрлендіргіштер монтаждалды. №1 және №2 мұнай өндіру цехтарында жаңа СКЖ-лар іске қосылды. Сонымен қатар, кен орнында бейнебақылау камералары орнатылған, тағы да бірқатар цифрлы технологиялар енгізілген. 
– Электр тоғы қанша пайдалы десек те, оның адам өмірі үшін аса қауіпті екенін де естен шығармаған абзал. Осы саладағы мамандарды сақтандыру бағытында қандай шаралар атқарылады? 
– Шынында да, электр тоғының пайдасымен қатар төндіретін қаупі де зор. Бұл өзі көзге көрінбейтін, иісі, дыбысы жоқ физикалық құбылыс. Электр тоғының бар-жоғын тек соған арналған аспаптың көмегімен білуге болады. Оның өзінде аспаппен жұмыс істей білетін арнайы маман болуы керек. Қаражанбас кен орнында жұмысқа жаңа кірген адамдар мен іс-сапармен жүрген қызметкерлерге нұсқаулық сабақтары өткізіледі. Кен орнында тұрақты жұмыс жасайтын қызметкерлер жылына екі рет  қайталама нұсқаулықтан өтеді. Электротехникалық қызметкерлер өз жұмыстарын атқару барысында электр қондырғыларын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік техникасының қағидалары мен талаптарын  қатаң сақтауы тиіс.  Осы қағидалар бойынша олар жыл сайын арнайы білім тексерісінен өтеді. 
Сонымен қатар, барлық жұмысшылар арнайы киіммен, қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіледі. Әр еңбеккер жұмысқа кірісер алдында арнайы нұсқаулықпен танысады. Негізі, электр тоғымен жұмысқа қатысты еңбекті қорғау шараларын тұтас бір жүйе деуге болады. Бұл жерде оның бәрін тізіп айту қажет бола қоймас. 
– Өзіңіз басқаратын электр цехында екі жүзге жуық адам еңбек етеді. Осы салаға еңбек сіңірген озат мамандарыңыз туралы да айта кетсеңіз. 
– Біздің  цехта ондаған жылдар бойы еңбек етіп, мол тәжірибе жиған, бар білгенін жас мамандарға үйретіп жүрген кәсіби білім-білігі аса жоғары мамандар баршылық. Солардың қатарында  Алтынай Асанова, Анатолий Кузнецов, Жайық Дәуешов, Яков Чембаров, Есболған Ищанов, Ербол Түйебаев, Нұрбай Кенесариев, Смағұл Мұсаев, Дастан Дегбіров, Саяхат Баймағанбет, Жеткізген Таңбаев, Геннадий Мусатов, Жұмабай Қанағатов, Орынбасар Тәшенов, Баймырза Аманбаев, Мұхтар Көбешов сияқты әріптестерімді атар едім.  
Біздің кәсіби мерекеміз еліміздің Тәуелсіздік мерекесімен орайлас келетіні қуанышты. Осындай мерейлі шақта еліміздің гүлденіп, көркеюі жолында аянбай енбек етіп жүрген қазақстандықтарды ұлттық мерекемізбен, сонымен қатар әріптестерімді кәсіби мейрамымыз – Энергетиктер күнімен құттықтағым келеді. Баршасына бақыт, зор денсаулық, амандық, сарқылмас өмір қуатын тілеймін! 
– Айтқаныңыз келсін! Әңгімеңізге рахмет.
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх