Доссор мұнайына 105 жыл

Доссор мұнайына 105 жыл
13.05.2016
3269
Өндіріс

Доссор мұнайына 105 жыл

Доссор мұнайына 105 жыл

Қазақ мұнайын тапқан – қазақ

Биыл 29 сәуірде Доссор кенішіндегі №3 скважинадан алғашқы мұнай бұрқағы атқылағанына 105 жыл толды. Тарих қойнауына көз салсақ, сол кезде қазақ жерінде «қара алтынды» игеру жұмысы қалай басталып, кімдер еңбек етіп еді деген ой келеді. Жалпы, елдегі мұнайды ғасырдан астам уақыт бұрын тапқан кімдер, қалай тапты? Мұнай тарихын зерттеуші ғалымдар қазақ мұнайын орыс және шетел зерттеушілері тауып, кәсіпкерлері игерді деп тұжырымдайды. Бұл пікірге сүйенсек, мамандар зерттеушілерге құрал-саймандарымен еріп келеді де көрсеткен нүктені қазып, мұнай ала беретін тәрізді. Алайда, бұл асығыстау айтылған пікірге ұқсайды.

Жайық-Жем алабында мұнай барлығы ежелден мәлім болған. Мұны Майқұдық, Жақсымай, Майкөмген, Мұнайлы сияқты жер атаулары дәлелдейді. Жер бетінде жылғаланып жатқан немесе тайыз құдықтарға жиылған «жер майы» жөнінде деректер де баршылық. Бірақ бабалар оны өндірістік негізде ұқсатуды білмеген. Жер бетіне жылғаланып жатқан сұйықтықты ыдыстарына құйып алып, шырақ, болмаса отын ретінде пайдаланып, малдың жарасын емдеуге, сондай-ақ, арбасының дөңгелегіне жағу үшін пайдаланғанға ұқсайды. 
Мұнайлы өлкенің шежірешісі Қожыбай Әлжанұлы Игілік  XVIII ғасырда өмір сүрген Мәтен атты балгердің науқасты мұнаймен емдегені туралы аңыз бар екенін айтады. Сол кезде оның қонысы қазіргі Мәтен кен орнының төңірегінде болса керек. Бір ғажабы, күні бүгінге дейін осы мәліметтерді айта отырып, қазақ жерінде мұнай орыс зерттеушілері мен ғалымдарының еңбегімен табылды деген ұйғарым көлденең тартылып келеді. Сол үрдіспен орыс зерттеушілерінің көрсетуімен мұнай кені табылып, игерілді деген пікірге сендік. Ол күні бүгінге дейін өзгермей келеді. Осы пікірге тоқтасақ, ақиқаттан аттарымыз кәміл екен. Оған көз жеткізу үшін мұрағаттан алынған, А.Елеусинов, Қ.Смадьяров, басқа да осы тақырыпқа қалам тербеген қаламгерлердің кейбір деректерін зерделейік.
Петр патшаның тұсында Хиуаға жіберілген әскери экспедиция немесе XIX ғасырдың ортасында осы өлкені зерттеген орыс саяхатшылары мен оқымыстылары белгілі бір алаңды қазудың нәтижесін қарап, мұнай көзін анықтаған жоқ. Жер бетіне шығып жатқан жылғаларды көріп, оның мол өнімнің хабаршысы екенін түсінді. Сөйтіп жаңалығын орталыққа жеткізуге асықты. Мәселен, Н.А.Северцев 1860-шы жылы Мұнайлының маңында қара майдың бір төбенің баурайынан төмен қарай ағып, су бетіне жайылып жатқанын мәлім еткен. Зерттеушілердің еңбектерінде Доссор, Қарашүңгіл, Мақат, Ескене, Новобогат алаңдарында да мұнайдың табиғи түрде жоғары жарып шығып жатқаны айтылған. Түптеп келгенде, олардың ақпарлары жан-жақты зерттеудің қорытындысы емес еді. Тек жол-жөнекей көрген-білгендері жөнінде жазылған үстірт дүниелер болатын.
Жер бетінде шығып жатқан мұнай бұлағына алғаш кезіккен жергілікті халықтың өкілі екені дау туғызбаса керек. Өйткені бабаларымыз қысы-жазы малдың соңында жүріп күн кешкен. Жер бедерін жете біліп, шұрайлы жайылым, жайлы қыстақ болатын қоныстарды айтпай таныған. Жазғытұрым Жем-Жайықты жоғарылай көшіп, қоңыр күзде Атырауына оралар жолда әрбір ой-шұңқырды жаңылмай жадында сақтаған. Бабалардың осындай құдыреті туралы немістің әйгілі саяхатшысы Свен Гедин өткен ғасырдың аяғында былай деп жазған: «Қазақтардың жер жадын жаңылыспай білетін ерекше қасиеті бар және олар бір көрген мекенін ешқашан ұмытпайды. Бейсауат жолаушыға белгі-бедерсіз мынау даланың барлық тұсы бірдей болып көрінеді, ал қазақтардың қай-қайсысы болсын соқыр түннің өзінде қай жерде келе жатқанын жаңылыспай анықтай алады. Олар, әрине, әр кезде жұлдызға қарап бағдар жасамайды. Қазақтарға бұл өлкенің әрбір бұтасы, әрбір тасы таныс. Ол әрбір жерді сәл ғана өзгешелігіне қарап, анықтай алады. Ал европалық жан арнайы прибордың көмегінсіз ештеңе анықтай алмас еді».
Бір кереметі, бабалар сайын даланың ой-шұңқырының қасиетін жасырмаған. Елді мекен болсын, сулы не шөлді жер сипаты да құпияда сақталмай, бүкпесіз айтылып, мәлімет қатесіз жеткізілетін. Бұл көшпенділердің айнымайтын қағидасы еді. Жазба-сызбаға дағдыланбаған халықтың арасында қарлығаш хабарды айтқан адамның аты ұмытылса да, жаңалықтың ұмытылмай кең таралуы дағдылы нәрсе. Ондай болса мұнайды алғаш тапқан балгер Мәтен, иә Қарашүңгіл әулие, әлде Доссор поселкесінің оңтүстігіне жерленген Дос деп дәл баспасақ та, зерттеушілерді күнде жер майын алып жүрген бұлағына бастап апарған бабамыз Қазақ болғаны анық. 
Сөзіміз дәлелді болу үшін тағы бір деректерге жүгінейік. Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатында Ембі мұнай кәсіпшіліктерінде жұмыс жасау үшін 1898 жылы Деппельмайер жасақтап жіберген экспедицияның қызметшілері мен жұмысшылары тіркелген журналда үш қазақтың экспедицияның жолбастаушысы болып алынғаны көрсетілген. Олар Қожамбетов Меңдібай, Сексенбаев Басарбай және Байдалиев Игілік.  Алғашқысы күніне 3 сом жалақыға шарттасқан екен. Бірақ аттан құлап басы жарақаттануына байланысты Гурьевте қалуға мәжбүр болыпты. Ал үшіншісі Байдалиев 5 сом жалақы және әрбір көрсеткен кен орны үшін 5 сом сыйлық алуға келісіпті. Ол төрт мұнай көзін көрсетіп беріп,  20 сомды иеленіпті. Сол тұста қойдың құны 5-7 сом. Демек бір жолбастаушыны айына 20 - 25 қойдың құны болатын ақшаға жалдаған. Ал экспедиция жер бедері зерттеліп, картаға түсірілмеген, шетсіз иен даладағы қай төбенің, не қай жыраның бойында жермай өніп жатқанын таба алмайтын еді. Тіпті әлдекімнің сілтеуімен жолға шықса да ойындағысының орындалуы неғайбыл болатын. Жолдан бұрылса адасады, одан әрі өміріне қауіп. Сондықтан олар жолбасшысыз жолға шықпады. 

Аңғал да аңқау бабамыздың шындықты бүкпесіз айтатынын малданып, мол олжаға бата берді. Қаратон мен Қарашүңгіл алаңдарында бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатқан Демин деген шебері 1901 жылғы 18 қаңтарда Қаратон мен Прорва арасындағы жол бойында мұнай көзі барлығын қазақтардың айтқанын, ертемен соны көру үшін жолға шыққалы отырғаны туралы жазыпты. Барып келгеннен кейін әлгілер қуанышты хабарын қожайынға жеткізуге асығады. Бұл жолы ол әлгі нүктенің орнын дәл көрсетіп, адаспай табуды қамтамасыз етеді. Жаңағы шебердің 1901 жылы 5 ақпанда жазған мына хаты соны дәлелдейді: «Ақбас болысында Жылойдан 25 шақырым, Ембіден 12 шақырым, Теңізден 10 шақырым, Қаратоннан 30 шақырым жердегі Сары - Төбе деген жерде май шығып жатыр»./Қазақстан Республикасы Орталық мұрағаты, 680 кор. 1 жазба, 1 - іс, 47 - 48 б./. 
Қорыта айтсақ, қазақ жеріндегі мұнай көздерін тауып, оны әмбеге әйгілеген біздің бабаларымыз екеніне шүбә жоқ. Қазақ мұнайын қазақ тапқан. Ал аты аталып жүрген оқымыстылар мен кәсіпкерлер зерттеушілер мен игерушілер ғана. Ұрпақ үшін баға жетпес қызмет қылған бабамыздың есімі қағазға түспей қалған сыңайлы. Иә, олардың есімі жазылған құжатты таба алмай жүрміз. Бірақ игілікті ісі өлмек емес. Бабалар тапқан мұнай тамшылары бүгін де теңізге айналып, бір ғасырдан аса ел игілігіне қызмет етіп келеді, келешегі де жарқын. 
Өндірістік барлау
Ембі өңірін өндірістік негізде барлау Түркістанға темір жол төсеу жұмыстарымен бірге басталады. 1892 жылы Рязань-Орал теміржолы қоғамы  және Геологиялық комитет Жайық-Ембі бассейнінің табиғи байлықтарын зерттеу үшін геолог С.Н.Никитинның басшылығымен экспедиция ұйымдастырады. Ол осы аймақта тұңғыш рет қолмен бұрғылау арқылы барлау жұмыстарын жүргізеді. Доссорда - 6, Ескенеде - 1, Қарашүңгілде - 5 ұңғыма қазылады. Олардың тереңдігі 6-9 метрден аспапты. 
Алынған мәліметтерге қызыққан Елецк қаласындағы қорғаушы/адвокат/ Лебедев мұнай барлауға 1892 жылы алғашқы рет тапсырыс жасайды. Ол Дөңгелексор, Ащықұдық, Мұнайлы және Қарашүңгілде барлау жұмыстарын жүргізеді. Бірақ бұл іске өзінің күшін, капиталын жұмсағанымен ешқандай нәтиже шығара алмаған. Қаржысын тауысқан соң әріптестер іздейді. Ақыры барлық құндылықтарын Петербордың кәсіпкерлері Грум-Гружимайло, Деппелмайердің мирасқорлары және Леман дегендердің компаниясына сатып жібереді.
Компания құрған «Ембі-Каспий» серіктестігі Доссор, Ескене, Қарашүңгіл және Қаратонда 1898 жылға дейін қолмен бұрғылап 60 ұңғыма қазды. 1899 жылы мұнай барлау жұмыстары Леманның қолына өткен соң жұмыс қыза түсті де серіктестік Қарашүңгілдің өзінде тереңдігі 38-ден 275 метрге дейін баратын 21 ұңғыма қазды. Соның бірі  №7 ұңғымадан 1899 жылы 13 қарашада 40 метр тереңдіктен мұнай бұрқағы шапшып, 18 сағатта 25 тоннадай мұнай берген-ді.
Қарашүңгіл мұнайы өзінің химиялық құрамы, сапасы  жағынан Баку мұнайынан әлдеқайда сапалы болып шықты. Оның салмағы жеңіл, майы көптеп есептелді. Бұрғылау жұмыстарының нәтижесінде №7, №109, №126, №148-ші ұңғымалардан мұнай көріне бастады. Әрі тайыз, әрі сапалы мұнайдың табылуы туралы хабар талай байлыққұмар капиталистердің назарын аударады. «Новое время» газетінің Қарашүңгіл мұнайы туралы сенсациялық мақаласын бүкіл Ресей газеттері көшіріп басады. Оның өзі Ембі өңірінің болашағына деген көзқарасты өзгертіп, барлау жұмыстарын жеделдетіп жүргізуге үлкен ықпалын тигізеді. Қарашүңгіл Жайық-Ембі ауданындағы ең бай және жұмысы көп кәсіпшілік болып табылды. Мұнай бұрқағы атқылаған кезде Н.Н.Леманның қарамағында 89 адам еңбек етсе, оның 40-ы қазақ еді. Алғашқы қазақ мұнайшылары Көккөз Бегимов, Өтебай Баймағамбетов осы бұрқақ атқылаған айда 50 сомдай табыс тауыпты. 
Леман серіктестігі Қаратон мен Доссордан, Ескенеден бірнеше онша терең емес ұңғылар қазып, аздаған өнім алады. Бірақ жұмысты одан әрі жалғастыра беруге қаражаты таусылады да барлық жерде барлау-бұрғылауды тоқтатады. Алайда болашағынан үмітін үзбейді. Концессия мерзімін тағы да үш жылға ұзартып, серіктестікке кісі іздейді. Пайда табу үмітімен 1908 жылы Қазанның бай саудагері Стахеевты іске тартады. Екеуара келісімде Леман Стахеевке 20 мұнай учаскесін /12-сін ақысыз/ береді. Ол үшін өнімнің 10 пайызы Леманның меншігіне берілетін болады. Олар шетел капиталына Ембі ауданындағы барланған жер учаскелерін бірігіп игеруді ұсынады. 1910 жылы ол үкіметтен іске шетел капиталын тарту туралы рұқсат алып, Ұлыбритания өкілдері Эдуард Юмь-Шведер және Отто Адольфович Лист екеуі бірігіп, 1910 жылы 22 желтоқсанда патша бекіткен заңның негізінде «Урал-Каспий» мұнай қоғамын /УКНО/ құрады. Қоғамға Орал облысының Гурьев уезіндегі Былан, Қарабайлы, Қарашағыр, Ембі, Ембі-Атырау, Кермеқас, Ақбас және Жаршық болыстықтарындағы пайдалы кен орындарын зерттеу және барлау-өндіру жұмыстарын жүргізуге 1912 жылдың 12 қарашасына дейін белгіленген ерекше құқық беріледі.
«Урал-Каспий» мұнай қоғамы Ембідегі ең бірінші ағылшын акционерлік қоғамы еді. Сол қоғамның Доссордағы қазып жатқан №3 ұңғымадан 1911 жылы 29 сәуірде  сағ.12-де  732 фут /1фут - 0,3048 метр/ тереңдіктен тәулігіне 16000-17000 пұт/ 1пұт - 16,38кг/ мұнай шығаратын қуатты бұрқақ атып, 30 сағат бойы атқылаған бұрқақ  30 сәуір күні кешкі сағат 6-да өртке ұласып, содан сыртқа шыққан мұнай түгел жанып кетеді. Бұрқақ түні бойы атқылап, таңертең сағат 10-да әлсіреп, 1 мамырда түскі сағат 3-ке таман ұңғыма жабылған. Алайда 6-шы желтоқсан айында қайта атқылап, сол қалпында 1912 жылдың қазанына дейін созылған. Содан 3-19 қазан  аралығында қайта атқылау нәтижесінде 50 мың пұт таза мұнай шығарылды.
Шындығын айту керек, осыдан кейін қазақ жеріндегі мұнай қорын барлауға деген сұраныс өсе түсті. Яғни, 1911 жылы 121 болса,  1913 жылы ол 2564-ке жетті. Оңтүстік-Шығыс тау басқармасының мәліметі бойынша, 1914 жылы  51 мың сомға сұраныс болса, соның 38 мыңы Доссор бұрқағынан кейін түсіпті. Алайда, түрлі қоғамдардың қомақты қаржы жұмсауына қарамастан, 1917 жылға дейін Доссор мен Мақаттан /1915 ж./ басқа мұнай өндірісі ашылмады. Ал, бұл екі өндірістен өндірілген мұнай өнімдерін Астрахань қаласына апарып сату үшін Доссордағы «Ембі» қоғамы Доссордан  Ракөш поселкесіне дейін  65,1 шақырым  темір тұрба құрылысын жүргізді. Осы құбырмен 1912 жылдың аяғына дейін Доссордың 820 тонна мұнайы Астрахань қаласына су жолы арқылы жеткізілді.
Азаттық үшін күрес
Ембі мұнайынан шыққан өнімдерді шетке шығарып сатумен «Ағайынды Нобельдер» құрған «Мазут» фирмасы айналысты. Аталған фирма Ресейдің ішкі өз базарында Доссор мұнайынан жасалған керосинмен бұл саладағы сауданың 80 пайызын ұстапты. Таңқаларлығы сол, қазақ жерінен мұнай өндіріп, пайдаға шаш етектен батып жатса да, келімсектер қазақтарды адам құрлы көрмеді. Оларға ешқандай тұрмыстық жағдай жасалмады. Қара жұмыс жасайтын қазақтар басқа ұлт өкілдеріне қарағанда, жалақыны 25-30 пайызға кем алды.
Доссордағы тарихи №3-ші ұңғыманы қазған мамандардың ішінде қазақтар да болды. Мақат аудандық мұрағатынан алынған деректерге сүйенсек, жоғарыдағы Андрей Спириннің бригадасында Аустниязов Аққали, Айбаров Аққали, Горбунов Семен, Оразов Тәжіғали, Қитаров Мәмбетәлі, Тағыбергенов Сұлташ, Гугурин Сергей, Зорбаев Сабырғали, Измайлов Ғарифжан, Удалов Иван, Гаврилин Степан, Оразов Әділ, Ағапов Ғарифжан, Жұбатқанов Бораш, Ералиев Қасайын, Қалабаев Әбіш, Нұрсейітов Атшыбай, Құрманғалиев Есмағанбет, Негреев Федор және басқалар жұмыс жасапты. 
Алғашқылардың мұнайшылыққа төселіп, мамандықтың қыр-сырын меңгеруі оңайлықпен жүзеге асқан жоқ. Сауатсыздығынан техниканы тез меңгеріп кете алмады. Аңғалдығынан аңырап қалған, ақтығынан жер соғып, сайқымазақтардың келекесіне айналған кездері болды да. Әйтсе де табиғатындағы сезімтал да байқампаз қазақ уақыт сынынан абыроймен өте алды. Басқа ұлт өкілдерімен қоян-қолтық жүріп, талай тосқауылды жеңіп шықты. Төмендегі естеліктер мен деректер сол бір дүбірлі де даңқты күндерден белгі беріп, жадыңызды жаңғыртады.
– Мен Доссорға 1911 жылы келдім. Ол кезде ауыр еңбек еңсе көтертпеді. Жұмыс күні 18 сағатқа созылатын. Аяқ асты шылқыған балшық, жоғарыда – шағырайған күн еді. Мұнай алу үшін әуелі құдық қазылып, содан оған арнайы бағыт беретін тұрба салынып барып бұрғыланатын. Әдейі бұрандасы бар тұрба атымен жоқ еді. Оны қаңылтыр темірден соғып жасайтынбыз. Құдықтың іші тар, бұрыла алмайсың. Біріктіретін шеге отқа қыздырылып, оның аптабынан қара терге түсесің. Қыста жұмысты көйлекшең жасайсың. Сыртқа шықсаң салқын ұстап қалады. /Смольныйда Лениннің күзетшісі болып, дидарласқан, Гурьев қаласының құрметті азаматы Андрей Васильевич Бородиннің естелігінен/
Бұл естелік жұмысшыға деген қамқорлықтың атымен болмағанын, олардың тіршілік күйінің аса нашарлығын аша түседі. Жергілікті халықтың халі одан да мүшкіл еді. Қазақтар басқалармен тең жұмыс жасаса да, оларға кем жалақы төленетін. Оның үстіне кемсітіп «баран, киргизин» деп келемеж ететін. Кәсіп иелері ұлт араздығын бықсытып, адамдарды қырқыстырып қоятын. Діни қағидалар да оларға қолшоқпар болды. Ауыр тұрмыс пен азапты еңбек мұнайшылар толқуын туғызбай қоймады. Халықтың бас көтеруі жиілей берді. Жұмысшыларды тап күресіне жұмылдырып, оларды азаттық үшін шайқасқа бастаушылар бұрын Баку, Грозный, Астрахань қалаларында болып, күрес мектебінен өткен жұмысшылар болды. Солардың ішінде Тимофей Гаванов, Дунаевский, Гарин сияқты большевиктік бағыттағы күрескерлердің есімдерін революциялық толқулардың куәгері болған қадірлі ардагерлеріміз Б.Жұбатқанов, М.Жұмағазиев еске түсіріп, айтып отыратын. 
Бригадада саяси сауаты жетілген, өмір толқынында ысылған, орталықтан келген маман - жұмысшылармен қатар қазақ жігіттері де жұмыс жасағаны жоғарыдағы тізімнен көрінеді. Ұжым мүшелері қожаларының үстемдігіне қарсы бой көрсетіп тұрған. 1917 жылғы ақпан төңкерісі тұсында  бригада жігіттерінің  өздеріне озбырлық көрсетіп жүрген бұрғылау шебері Андрей Спиринді тәшкіге алып ұрып, кеңсе алдына төңкеріп тастайтыны тарихтан мәлім. Бұл уақиғаның ортасында болған ленин орденді ардагер Бораш Жұбатқановтың естелігі де бар.  Осындай «төңкерілген тәшкі» оқиғасы Мақатта, Новобогатинскіде де болған еді.
Жұмысшылардың еңсесін көтеріп, өз бостандығы үшін күреске құлшындырған 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін еді. Бұл тұста большевиктердің саяси тәрбиесінен өткен қазақ жұмысшылары да күрескерлердің алдыңғы сапынан көріне бастаған-ды. Большевиктердің жетекшілігімен Мұқаш Жұмағазиев, Мұхамбетқали Сартов, Қаржауов, Сисенғали Нұрымов сияқтылар революциялық насихат жүргізіп, жұмысшы қозғалысына басшылық жасады. Ереуілдің қатаң мектебінен өткен С.Тағыбергенов, А.Айбаров, А.Аустниязов, Б.Жұбатқанов, Т.Сарғалиев, К.Төрәлиев және басқалар күрескерлер қатарында шыңдалды. Мұнайшылар шайқас үстінде өздерін қорлап, талай озбырлық көрсеткен қожайындарын, олардың жалдапқорларын жұмыстан қуды.
Доссорда Совдеп 1917 жылғы сәуірде құрылды. Ол бүкіл Ембі өңіріндегі қозғалысқа басшылық жасайтын болғандықтан Ембі ауданы жұмысшылар депутатарының Советі деп аталды. Оның белсенді ұйымдастырушылары – М.Крюков, М.Сартов, Н.Нестеров, А.Аустниязов, П.Кочнев, М.Жұмағазиев, Г.Лысянский, В.Антоновтар еді. «А.Аустниязов Қазақ Республикасы құрылған жылдың өзінде Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болып сайланды. Қалған өмірі мұнайлы елмен байланысқан ол Доссор, Мақат, Қарсақ, Тентексор, Қосшағыл мұнайын игеруге ат салысты. «Аққали Аустниязовтың мұнайлы Ембіге сіңірген еңбегі ұшан – теңіз» деп еске алушы еді Атыраудың абыз ақсақалы, Ұлы Отан соғысының ардагері, өлке тарихын зерттеуші Жанаш Нұрмахан. А.Аустниязов 1934 жылы Совет өкіметінің аса көрнекті қайраткері, халық жауларының қолынан қаза тапқан С.М.Кировты жерлеуге қатысуға Қазақстаннан барған үш мұнайшының бірі еді.
Ембінің өркендей бастауы В.И.Лениннің есімімен тығыз байланыстырылады. Ленин Ембі мұнайының артықшылығын жоғары бағалады. 1920-21 жылдары орталықтағы өнеркәсіп Кавказ мұнайынан айырылған кезде, сапалы мұнай өндірілетін жер жалғыз Ембі ғана болды. Сондықтан Ленин Ембі мұнайы өндірісін кеңінен игеру мәселесін алға қойды. Сөйтіп, Ембі еліміздің индустриялануын қамтамасыз ететін екпінді құрылыстар қатарына қосылды. 1922-24 жылдары қайта құрылған «Эмбанефть» тресінің алғашқы басшысы Р.И.Фридман болды.
Доссорда, кейіннен Мақатта мұнай көздерінің ашылуы, осыған байланысты Ракуша мұнай айыру зауыттарының салынуы өлкемізге көп өзгерістер әкелді, жаңа кезеңнің бастамасы болды. Алдымен өлкеде өнеркәсіп дамып, елдің экономикалық өміріне әсерін тигізді. Жергілікті халық отырықшы қалыпқа көшіп, мамандық меңгерді, ұйымдаса бастады. Ембі аймағы, оның атасы Доссор-Қазақстан мұнайшы кадрларының ұстаханасы дейтініміз де осыдан.

Бағыт Сматуллин, «Ембімұнайгаз» АҚ, ардагерлер кеңесінің төрағасы

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх