Тәуелсіздік – ең тәтті ұғым

Тәуелсіздік – ең тәтті ұғым
12.12.2018
69
Қоғамдық-мәдени өмір

Тәуелсіздік – ең тәтті ұғым

Азаттық деген – асыл сөз. Тәуелсіздік деген – тәтті ұғым. Бұл – кешегі ел үшін егеулі найза қолға алып, ұлтарақтай жер үшін ат үстінен түспеген батыр бабалардан қалған жәдігер сөз.
Біз – ғасырлар бойы аңсап, еркіндікке қолы жеткен, арман-мұраты тең өрілген, тай қазаны ортаймаған қазақ деген байтақ ел, дана халықпыз. Міне, сол бақыт түндігін ашқан Тәуелсіздік бүгінде халқымызға тәңір сыйлаған құт-берекеге жұғысты болып отыр. Осы жалауы желбіреген жиырма жеті жылда қазақ халқы асыққанына жетіп, аңсағанын көрді.
Өткеннің өкінішін жуып, тарихтың қателігін жөнге келтірген телегей-теңіз тірліктер атқарылды. Тас бұғаудан босанған Тәуелсіздік ұлттың тынысын ашты. Бүгінде Асан қайғы баба іздеген жерұйықтың қайнар бұлағынан сусындаған ұлт болдық. Шаңырағымызға азаттықтың ақ құсы қонған байтақ ел болдық. Ұлт тарихының жылнамасы жаңа дәуірде жаңаша жазыла бастады. Даму мен жаңарудың қиындығы мен қуанышын, жетістіктері мен жеңісті сәттерін бірге көріп келе жатқанымызға, міне, 27 жыл толды. Жұмыр жердегі қай халық үшін болса да азаттықтан асқан ұлы ұғым, тәуелсіздіктен биік тұғыр жоқ. Сондықтан, Тәуелсіздік – біз үшін қашан да киелі құндылық, асыл қазына.
Бұдан 27 жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Сөйтіп, Еуразияның Ұлы Даласын мекендеген кешегі көшпенділердің бүгінгі ұрпағы әлем картасында «Қазақстан» деген егемен мемлекет құрды. Өзінің сындарлы мемлекеттік саясатын қалыптастырды. Бұл тамырын тереңнен тартқан қазақ елінің бай тарихындағы ең басты оқиға болды. Осы жылдары біз елдік дәстүр мен мемлекеттік мәдениетті, рухы биік руханият пен қажырлы еңбек үлгісін қалыптастырдық.
Біз – еркіндікке қолы жеткен, арман-мұраты тең өрілген дана халықпыз. Біз – тайқазаны ортаймаған қазақ деген байтақ елміз. Міне, сол бақыт түндігін ашқан Тәуелсіздік бүгінде құт-берекеге айналды. Біз бүгін осы құбылысты ерекше сезініп тұрмыз.
Өткенге көз жүгіртсеңіз, соңғы жиырма жеті жылда Қазақстан оған дейінгі 70 жыл ішінде жасамаған шаруаларын жасап жатыр. Міне, осының арқасында Қазақ елін бүкіл дүниежүзі білді. Бұрын қазақ елін, қазақ ұлтын басқалар білмейтін. Ал, енді қазір Қазақ елін, Қазақ мемлекетін әлем халқы тек біліп ғана қойған жоқ, өте ерекше сыйлайтын болды. Осының бәрі жүргізіліп келе жатқан көрегенді саясаттың жемісі, экономикалық жетістіктеріміздің арқасы. 
Ең алдымен нарықтық экономиканың канондарына көшкен еліміз төрт аяғынан тік тұрды. Жаһан таныған Қазақстан шетелдік инвестиция тарту арқылы халықтың байлығы – мұнайын игеруге қол жеткізді. Экономиканың нақты секторын дамытуға көшті. Орта және шағын бизнесті дамытуға мемлекет барын салды. Кәсіпкерлікті жан-жақты өрістетті. Сол арқылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға қол жеткізді. Ең алдымен экономикаға басты назар аударған мемлекетіміз бара-бара барлық әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешуге қол жеткізді. Тәуелсіздік алғанға дейін шешімін таппаған толып жатқан экологиялық мәселелер күн тәртібіне қойылып, Арал мен Байқоңырдың, жаралы Семейдің талай қасіреттеріне тосқауыл қойылды. 
Тәуелсіздік туын тұғырға қондырған Қазақстан атты мемлекетіміз өзінің жаңа тарихындағы алғашқы асуды бағындырды деп батыл айтумызға болады. Біз бүгін осы құбылысты ерекше сезініп тұрмыз. Жиыр­ма жеті жыл ішінде біз нағыз шыңдалу мектебінен өттік. Қазақта жақсы бір сөз бар: «Бөлінгенді бөрі жейді». Біздің бірігуіміздің басты заңдылығы осында жатыр. Ең бастысы, халық егемен ел болашағына үлкен сеніммен қарай бастады. Қазақстандықтардың туған елге деген сүйіспеншілігі мереке күндері жарқырай көрінері сөзсіз.
Қазір әлем мойындаған мемлекетіміз бар, бірлігі қалыптасқан халқымыз бар. Бүкіл әлем бізді қазір ең бейбітсүйгіш ел ретінде танып білді. Әлем бізді жасампаз ел ретінде мойындады. Қазақстан – егемендік алған күннің ертеңіне өзінің адамзатқа апат әкелетін ядролық қаруынан бас тартқан бірден-бір мемлекет. Мұндай құбылыс әзір адамзат тарихында болған емес, жуық арада бола қоюы да екіталай іс. Сондықтан Қазақстан қазіргі әлемдік құрылымда өзара түсіністік пен сенімді нығайту үшін, Еуразияның алып кеңістігінде қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін қолынан келгенінің барлығын жасайтындығына төрткүл дүние сеніп отыр. Елбасы бастамашы болған, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамудағы Қазақстанның көшбасшылық орнын нық бекіткен маңызды ішкі реформалар осындай халықаралық межені бағындырумен жалғасуы – біз үшін үлкен символдық мәнге ие. Біздің түсінігімізде, қауіпсіздік пен ынтымақтастықтан асқан демократия жоқ. Қазақстан өзінің даму барысында осы екі категорияға басымдылық бере отырып, демократияның өзіндік моделін жасады десе де болады. 
Бұл – әрине, ең алдымен елдің жеңісі. Елі сенген Елбасының жеңісі. Дәлірек айтсақ, елінің төрткіл дүниедегі имиджі үшін, қазақ мемлекеттілігінің мығымдығы үшін, халқының жарқын болашағы үшін бір аянып көрмеген Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен ерлігі. Дөңгеленген дүние дүрмегінде кез келген жеңіс оңайлықпен келмейді. Иә, бұл жеңіс – бәріміздің жеңісіміз. Бұған бәріміз бірдей қуануымыз керек. Жеңістің дәмін бірге татқанға не жетсін! Өйткені, жеңістің дәмі бәрімізді бірлікке, ынтымаққа, мәңгілік мүддеге бастайды.
Біз – ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халықпыз. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялау. Бүгінгі мемлекетіміздің қарқынды дамуы – тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау – біздің басты мақсатымыз. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болсын! Еліміздің Көкбайрағы бейбіт аспан астында желбіреп, әлемге таныла берсін!

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ,
публицист-жазушы
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх