Баянсыз ғұмыр

Баянсыз ғұмыр
12.12.2018
67
Әлеумет

Баянсыз ғұмыр

Мұнайшылар шығармашылығы

«Жан шықты, ес кетті» дегенде таң да атты-ау...Құндыздың аты жаман ауруға шалдығып, төсек тартып жатқанына айдың жүзі болып қалды...Бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Обалы не керек, баласы Ертай анасын арқалап, апар деген жерінің бәріне апарды. Жан шіркін тәтті екен. Дәрігерлердің іш дегенін ішіп, же дегенін жеді...Химия деген пәлесінен шашының бәрі жидіп түсіп қалды. Айналдырған бір айдың ішінде сыры кетсе де, сыны кетпеген Құндыз кемпір аруаққа айналып шыға келді. 
Айнадағы ұсқынына қарап отырып, «бұл құдайдың құдіретіне шек жоқ екен ғой» дейді Құндыз ішінен күбірлеп. Кемпір демекші, алпысты алқымдаса да, Құндыз өзін осы уақытқа дейін кемпір қатарына жатқызып көрген емес. Жексенбі күні мәтөк жан шаштаразға барып шашын боятып, тырнақтарын күзейді. Керек десеңіз, келіндердің пыш-пышына қарамастан, тойға кірпік те жапсырып барады. Өмір бойы үріп ішіп, шайқап төгіп, шалқып өмір сүрген Құндызда басқа-басқа дүния да, ақша да жетіп артылады. Екі қабатты үйдің тұрысы мынау ханға сәлем бермей, бала-келінінде қос машина. Келіні  туған күніне алып берген көлікке отыра алмай бастапқыда қорқасоқтап жүрді. Енді қазір оттай қызыл машинамен көшенің ортасында жүйткіп келе жатқаны... Қарға адым жерге жаяу баруды қойды. Көлігін атша мініп жүр. Қайта жақсы болды. Балаларын өзі мектепке апарады, өзі алып келеді. Базарға да өзі кетіп бара жатады.
Құдайға шүкір, Құндыздың өмірге өкпесі жоқ. Бірде жетіп, бірде жетпей, шықпа жаным шықпа деп отырған кедей отбасында дүниеге келген қыз өмірдің мәні ақшада деп ұқты. Басына тартса аяғына жетпей, аяғына тартса басына жетпей отырған отбасы бойжетіп келе жатқан қызының үстіне жөні түзу көйлек тауып кигізе алмады.  Қатарынан кем болып, үстіндегі ескі-құсқы киімнен намыстанып өсті. Әкесі марқұм, аузы арақтан кеппей, санда болса да сапада болмай өмірден ерте кетті. Далада әр үйдің бұрышында құлап жататын әкесі өлгенде Құндыз қуанбаса қайғыра қоймады. Шиеттей балалармен қалған шешесі де өңі түзу киім киместен, отағасының өмірден озуын күтіп жүргендей-ақ,  ауырып бір апта жатты да, қоштаспастан,  арызданбастан, жәутеңдей қараған балаларына ләм деместен, ит өмірден шаршап, әбден сілікпесі шыққан денесін қабырғаға қарай бұрды да, көз жұмды... 
Тірі адам тіршілігін жасайды емес пе?! Ауылдағы ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған жамағайын Жамал деген дүкенші Құндызды қасына көмекші етіп алды. Аяушылық жасап, мектеп директоры да аттестатын жазып берді. Ішкені алдында, ішпегені артында шылқып өмір сүріп отырған Жамалдың тұрмысына қатты қызыққан Құндыз әупірімдеп жүріп сауда техникумін бітіріп, зейнеткерлікке кеткен Жамалдың орнын иеленіп, ауылдың дүкенін шыр көбелек айналдырды. Ақша дегеннің құдіретін сонда көрді. Бауырларының үсті бүтінделіп, қарындары тамаққа тойды. Осы уақытқа дейін көрінбеген ағайындары да көбейіп кетті. Совет Одағы деген алып елде өмір сүріп жатса да, тауар дегенің қат. Шағын ауылдағы бір дүкеннің иесі де, киесі де өзі болып шыға келген Құндыз бауырларын оқытамын, тоқытамын, аяқтандырамын деп жүріп отыздан асып кеткенін де байқамай қалды. Жанталасып жүріп, үрерге иті, сығарға биті жоқ, өлмелі шешесі бар тракторшы Сейсенмен тұрмыс құрды. «Үф!» десе, ұшып кетейін деп тұрған үйді сүріп жіберіп, сыңғырлаған үй салып алғанда ауыл адамдары «Бұл Құндызды қой. Қатын емес, жалмауыз ғой» деп бастарын шайқады.  Біразға дейін бала көтере алмай, уайымдап, күдерін үзіп жүргенде осы Ертайына аяғы ауыр болды. Ойлап отырса, сарыла күткен бөбегін де еміреніп сүйіп, көп еркелете бермепті. Қызылды-жасылды дүниені өбектеумен күн өткізіпті. Көйлегіне сыймай талай желпініп сөйлепті. Шалы байғұс, қолынан қой жығу келмейтін ынжық болды. Еркек болып бір дауыс көтерместен, өткен күзде авариядан көз жұмды. Қанша жыл бірге тұрса да, иә еркек болып қызғанып, иә топта сөз айтып көрмепті, байғұс әйелінің көлеңкесінде ішкен-жегеніне мәз болып жүре беріпті...
Мектепте жүрген Құндыз да өзге қыздар сияқты кинодағыдай махаббатты аңсап еді-ау. Түрі де ұсқынсыз емес-тін. Диваннан аяғын салбырата отырып Құндыз өзінің бүгін-ертең өлейін деп отырып махаббат туралы ойлағынына күлгісі келді. Ойын мына жұрт естісе бір жерін ашып күлетін шығар...
Әдеттегідей келін-бала жұмысқа кетті. Немерелері мектепте. Әзер сүйретіліп барып айнаға қарады. Айнадан беті әжім, самайы ағарған мыстан кемпір бұған қарап бәжбиіп тұр екен... Бетін бұрды. Ештеңеге тәбеті тартпады. Жуынды. Шашын тарады. Түнімен ауырған ішектері де саябыр тартқандай. Ауруы жанына батқан Құндыз түнімен «Иә, Алла алатын болсаң жанымды қинамай алсаңшы!» деп айқайлайды. Қанішер жендет пышақпен ішін түнімен асықпай турап шығатын сияқты...Дұшпаныңа тілемейтін ауру.  Күн өткен сайын өмір жолының қусырылып келе жатқанын іші сезеді...Әйтсе де, бүгін таңертең аман-есен отырғанына қуанып отырғанын сезді. Жарық дүниенің осыншалықты қымбат екендігін дені сау кезінде қалай сезбеді екен.
«Беу, баяны жоқ шолтаңдаған дүние-ай» деп күрсінген Құндыз дүкенші болып шалқып тұрғанда жүз көрісетін адамдарға жасаған қысастығын әлі күнге дейін түсінбейді. Жалт-жұлт еткен матадан көңілі түскен адамға беріп, жақтырмаған адамдарын «өтіп кетті» деп бермей, бедірейіп тұрып алатын. Көп кісілерге өктем-өктем сөйлеп, өзіне-өзі жау тілеп алыпты...Әттеген-ай, сол адамдардың назарына қалмаса нетті...Қушиған кемпірдің көзінен аққан жас еденге тамды. Енді отырысы мынау... Көңілде маза, жүректе тыныштық жоқ. Ақымақ басы байлықтың бірде бақ, бірде боқ болатынын түсінбепті-ау. Байлық пен шірік дүниенің ештеңеге қақпақ бола алмайтынын кеш ұқты. Қайраты тайғанда келген ақыл да азап екен. Ой апанына түсіп кеткен Құндыздың жүрегі ине қадалғандай сұмдық шаншып кетті. 
Дәлізден абыр-сабыр сөйлесіп жатқан немерелерінің даусын естіді. Олар да бөлмесінің есігін ашпады. Кешке бала-келін келді жұмыстан...Ас үйден кешкі тамақтың көңірсіген иісі шығып жатыр... Баласының емен-жарқын даусын да естіп жатыр.
 «Қатын жанды неме, таяқ тастам жерде жатқан шешесінен хабар алуды білмейді!» деді Құндыз күбірлеп. Өзін көп жуылып өңі кеткен тауардай сезінді. Әлсіреген ол диванына қисайды... Дәрменсіз жан алдағы жылдай созылып өтпейтін ұзақ түнді ойлап жатыр. Расында да, бүгінгі зәрлі түн әлсіз жанды жұтқалы тұрғандай...

Бибігүл БӨБЕКБАЙ
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх