Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаймыз!

Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаймыз!
12.12.2018
88
Қызметкерлер

Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаймыз!

Әлібек СӘРСЕНОВ, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ, №1 МГӨБ сапа инженері:

Барша мұнайшыларды Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздік – еркіндікті аңсаған ата-бабаларымыздың ең асыл мұраты.     
Бабаларымыз осынау ұланғайыр жерді бізге сыйға тартып кетті. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Ол үшін не істеу керек? Ерінбей еңбек ету керек. Сонда ғана тасымыз өрге домалайды!  
«Қазақ халқы – Феникс құс сияқты. Өзі өліп қалса да, күлден қайта жаралатындай, сан қысталаңда жойылып кетпей, аман қалып, салқар тарих көшіне әлі ілесіп келеді» – деп жазған болатын қазақтың классик жазушысы Ғабит Мүсірепов.
Тәуелсіздік – біздің жанымыз, өміріміз, барымыз! Ақ тілекті халқымыздың құрған мемлекеті баянды, елі мәңгілік болсын!

 

Ибрагим САТЫБАЕВ, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ, №1 МГӨБ кәсіподақ төрағасы:

Тәуелсіздік күні біз үшін ең ұлық мереке болып саналады. «Бұл бақ түгендейтін, тақ түгендейтін уақыт емес, беліңді бекем буып, қауымның жоталы шаруасына жан пида ететін заман» деген болатын Әбіш Кекілбаев. Бүгінгі күн – бір қазақ екінші қазаққа әкесінің құнын кешетін күн. Тәуелсіз мемлекетке Керей секілді, Жәнібек секілді қолы да таза, ары да таза, жаны да таза, қазақ халқының келешегі үшін басын бәйгеге тіккен көреген басшылар керек. 
Өзенмұнайгаздық мұнайшылар үшін Тәуелсіздіктің мәңгілік баянды болуы мен ел іргесінің бүтіндігінен асқан ұлы мұрат жоқ. Ендеше, барша қазақ елін Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміз баянды болсын! Қазақ елі дүние тұрғанша тұрсын!

 

Хоу ДЕЛИНЬ,
«ҚазГерМұнай» БК» ЖШС,
мұнай-газ департаментінің басшысы:

Құрметті әріптестер! Сіздерді бүгін Қытай елінің атынан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! «Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді» демекші, осы бірліктің арқасында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың сарабдал саясатын ұстанып, Қазақстан тәуелсіздік жылдары іргелі мемлекет болып қалыптасты. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп, қыран құсы қалықтаған көк аспанның астында баянды да бақытты ғұмыр кешулеріңізге тілектеспін. Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні баршаңызға бақ-дәулет, ырыс тілеймін. 

 

Ырысты ӘЛҚУАТОВА,
«Өзенмұнайгаз» АҚ, №2 МГӨБ жұмыскері: 

Баршаңызды Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! 
Өмірде атақ-абыройдан да зор қуаныш бар, мансаптан да биік мұрат бар... Ол елдің тәуелсіздігі! 
Аңсатып келген тәуелсіздік қазақтың езіле бастаған еңсесін, бүгіле бастаған белін түзеді. 
«Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ» деп ғазиз ақын Қасым Аманжолұлы өмірден өтерінде біздің келешегімізге қызыға қарап еді... Еркін елдің қызы – ерке, ұлы – ер! 
Бақыт құсы барын бағалай білетін елдің ғана басына қонады. Барымызды бағалай білейік! Қайрат Рысқұлбеков айтпақшы, «Ендігі жерде басыңнан бірлік пен бақ таймасын»! 

 

Сәбит ОСПАНОВ,
«ҚазГерМұнай» БК» ЖШС  
«Нұралы» кентінің жетекшісі:

Құрметті мұнайшылар! Сіздерді бүгінгі еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде «Қазақстан Республикасы» деген асқақ рухты елдің бар екенін әлемге мойындаттық. Тәуелсіздік алған  жылдары ішінде елімізде тарихи жеріміздің шекарасы халықаралық шарттарға сай бекітіліп, мемлекеттік рәміздеріміз, Ата заңымыз, ұлттық валютамыз және елдің өзінің тез көркейіп өсуімен таң қалдырып келе жатқан жаңа Астанамыз дүниеге келді.  Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту жолында біздерді әлі де қарқынды істер күтіп тұр. Елдің мерейлі мерекесі құтты болсын.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх