Ерлік ешқашан ұмытылмайды!

Ерлік ешқашан ұмытылмайды!
13.05.2016
352
Жаңалықтар

Ерлік ешқашан ұмытылмайды!

«Ембімұнайгаз» АҚ

Келер ұрпаққа азаттық таңын сыйлап, Отан үшін, келешек ұрпақтың бейбіт аспаны үшін күресіп, жанын қиған сарбаздарды ұмытуға қақымыз жоқ. Олардың ерлігін мәңгілік қастерлеу қазіргі ұрпақ борышы. «Ембімұнайгаз» АҚ-да Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай өткен жиын осындай құрметтің айғағындай болды. Мерекелік шара соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің, ауған жауынгерлерінің және ЕМГ Орталық аппарат ұжымының «Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтарын қоюдан басталды. Шараға қатысқан соғыс және тыл, еңбек, Ауған соғысы ардагерлерін, барша қатысушыларды Қоғам бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Айболат Ғабдуллин құттықтап, кәсіпорында соғыс және еңбек ардагерлеріне қажетті көмек тұрақты түрде көрсетіліп, өзге де әлеуметтік қолдаулар жасалатынын атап өтті. 
– Бүгінгі буын Жеңіс солдаттары алдында мәңгілік қарыздар, сондықтан да біз ардагерлерге жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық мүмкіндіктерді жасаудамыз. Компанияға қарасты басқармаларда еңбек еткен 1786 зейнеткер бүгін ортамызда. Олардың 11-і соғыс ардагері, 74-і тыл еңбеккерлері. Ауған соғысына қатысып, өздерінің интернационалдық міндеттерін абыроймен атқарған 17 жауынгеріміз де арамызда жүр. Компания басшылығы соғыс ардагерлерін, тыл еңбеккерлері мен ауған жауынгерлерін жан-жақты әлеуметтік қамқорлыққа алу жөнінде арнайы құжат бекітіп, бүгінгі таңда осы құжат аясында көмектер көрсетілуде. Ардагерлер медициналық қызметпен, демалыс орындарына тегін жолдамамен толықтай қамтылған. Сонымен қатар, мемлекеттік мерекелерде және мерей жасқа толған зейнеткерлерге Компанияның арнайы ақшалай көмектері де бар, – атап өтті бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Айболат Габдуллин.
Содан кейін қонақтарды «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағыт Сматуллин, соғыс ардагері Николай Славов құттықтап, бүгінгі бейбіт өмірдің мәңгілік болуын тіледі. Мерекелік шара Д.Нұрпейісова атындағы «Мұнайшылар» мәдениет үйінде ардагерлерге арнайы жайылған дастархан басында жалғасты. Компания басшылығы мен ардагерлер кеңесі денсаулықтарына орай мерекелік шараға қатыса алмаған соғыс ардагерлеріне арнайы барып, мерекемен құттықтады. Оларға «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры Қ.Есқазиевтің Алғыс хаты мен материалдық көмек табыс етілді. 
9-мамыр күні ЕМГ Орталық аппараттың, «Ембімұнайэнерго», «ӨТҚжЖК» басқармаларының ұжымы Ұлы Жеңіс мерекесіне орай орталық «Жеңіс» саябағындағы «Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх