"ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ Басқарма Төрағасы А. Айдарбаевтың Тәуелсіздік күнімен құттықтауы

14.12.2018
91
Қызметкерлер

"ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ Басқарма Төрағасы А. Айдарбаевтың Тәуелсіздік күнімен құттықтауы

Құрметті әріптестер, қадірлі мұнайшылар!

Сіздерді мемлекетіміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақ халқы ғасырлар бойы армандап өткен азат ел болу мәртебесін көру – бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт. Осы қуанышымыз құтты, бақытымыз баянды болсын. Жаңа ғасырда қайта түлеген, жасарып, түрленген еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болғай! Ұлттық қасиетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай білейік!

Бүгінгі еліміздің қарқынды дамуы Мемлекет басшысы жүргізген сындарлы саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау – біздің басты мақсатымыз. Еліміздің Көкбайрағы бейбіт аспан астында желбіреп, әлемге таныла берсін! 

Егемендік жылдары еліміз әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуында зор жетістіктерге жетті. Бізді қазір бүкіл әлем мойындап отыр. Ел тұрғындарының 50 пайызға жуығы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы негізінде қолға алынған «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысы кеше ғана бастау алғанын жақсы білесіздер. Бұл жоба бойынша бас қаламыз Астана мен еліміздің орталық және солтүстік өңірлеріне газ тартылатын болады. Мұнай өңдеу зауыттары қайта жаңғыртудан өтті. Қазір еліміз ішкі нарықты бензин және дизель отынымен толықтай қамтамасыз етіп отыр. 

Тәуелсіздік жылдары еліміздің мұнай-газ саласында жеткен мұндай жетістіктері мен табыстарының қайнар бастауында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қайраткерлік тұлғасы тұр, қайталанбайтын қолтаңбасы жатыр. 

Тәуелсіздік туын тұғырға қондырып, өркениетті елдердің қатарына қосылған Қазақстанның басты байлығын халық игілігіне айналдыруда аянбай тер төгіп келе жатқан мұнайшылар қауымының қиын еңбегі қашан да құрметке лайық. Саланың дамуына және өркендеуіне үлес қосып келе жатқан сіздердің де ерен еңбектеріңізді халық ұмытпайды.

Ата-бабамыз армандап өткен «Тәуелсіздік» деген қастерлі сөзден тұратын осы мереке әр шаңыраққа шаттық, ырыс-береке және бақыт әкелсін. Еселі еңбектеріңізге өзімнің ризашылық сезімімді білдіре отырып, сіздерге жаңа жетістік, зор денсаулық және барлық игі жақсылықтарды тілеймін. Ел егемендігі мәңгілік болғай!

 

Алик АЙДАРБАЕВ, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ
Басқарма Төрағасы

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх