Еңбекқор егіз

Еңбекқор егіз
27.12.2018
76
Қызметкерлер

Еңбекқор егіз

Арал ақиқаты адамзатқа аса таныс. Кезінде оның теңіз боп дәуірлегені, кейін суы тартылып, табаны құрғап, күллі әлем экологтарының үдере назар аударғаны да белгілі. Қазіргі хәлі керемет деуге келмес. Дегенмен, кіші Аралды толтыру жұмыстары билік тарапынан қолдауға ие. Қала берді Арал проблемасына Орта Азия елдері де жіті назар аударып, түрлі форумдар өткізіп, бастамалар көтереді. 
Белгілі айтыскер ақын Бекұзақ Тәңірбергеновтің де «Аралдың табанынан су кеткенмен, халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ» деп жырлауы да тегін болмаса керек. Сол айтқандай, бұл өңірден талай атпал азаматтар шықты. Әрқайсысы өз саласының үздігі. Бүгін Арал қаласында өмірге келген егіз балалар Ғалымжан, Рахымжан Үргенішбаевтар туралы айтқымыз келеді. №62 қазақ орта мектебінде білім алып, 2002-2007 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата Мемлекеттік университетінің «Мұнай және газды игеру және пайдалану» мамандығын тәмамдап шығады. 
Қызылорда облысының экономикасына елеулі табыс әкеліп, әлемдік қара алтын нарығындағы белсенді «Қазгермұнай» компаниясы әркез жаңашыл, білімді мамандарды қатарға қосуға даяр. Бұл ретте өз мамандықтарын үздік бітіріп, кәсіпке араласуға құлшынған қос ұлан аталған компанияның мұнай өндіру учаскесінің операторы ретінде жұмысқа орналасады. Бұл 2007 жыл болатын. Екеуі де шаруаға белсене араласып, күні-түні тынбай еңбек етіп әріптестер арасындағы білікті маманға айналады. Әрине, пайдалы жұмыс істеудің оң нәтижесі екі ретте айқын көрініс берсе керек. Біріншісі – әлбетте, өзі үшін. Тәжірибесі шыңдалады, шеберлігі жетіледі, өз-өзіне деген сенім пайда болады. Бұл саланы бекер таңдамағанына айқын көз жеткізеді. Жұмыстарын құлшына істеп, түрлі ой-идеяларды өндіріске енгізе бастайды. Жұмыс істегеннен шаршамайды. Керісінше, сол жұмысты шабыттана істеу арқылы демалады. Тынысы кеңи түскендей барақат күй кешеді. Бұл ішкі сезімнің бәрі Ғалымжан мен Рахымжанға жақсы таныс. Қызметке араласқан күннен бастап жұмыстары жүрді, соған сай абыройлары да артты. Ал, екінші көрініс – жақсы істелген шаруаның жалпы ұжымға оң әсер тигізуі. Сен істеген жұмыс мекеме беделінің жоғарылауына септігін тигізсе, жалпы өнімнің арта түсуіне көмек берсе, басшылар бетіңе айтпаса да саған сырттай сүйсінсе, бұл – үлкен олжа. Егіз жігіт мұндай сүйіспеншілікті де анық аңғарды. Бірақ босаңсыған жоқ. Жауапкершіліктерін сәт өткен сайын арттыра түсті. Себебі, өндірісте, оның ішінде мұнай компаниясында еңбек ету босаңдықты кешіре бермейді. Өйткені, мұнай – дәл қазіргі сәтте күллі әлем араласып отырған аса алып бизнес. 
Баланың шаруасы дөңгелесе, ата-ананың мерейі өседі. Бұл тұрғыда егіз жігіттің әке-шешесі Абдулхамит Ахметов пен Зәуре Боранқұлова мақтана алады. Ол кісілер де экономика мен шаруашылық салаларында тер төккен, абыройлы ардагерлер. Әкесі Арал ауылшаруашылығы мекемесінде бас экономист, балық шаруашылығы мекемесінде бас маман, аң шаруашылығында инспектор, халыққа қызмет көрсету орталығында басшы қызметтерін атқарған жан. Анасы да ауылшаруашылығы мекемесінде агроном, шегірткемен күрес мекемесінде директор болып жұмыс жасаған. Егіз ұлдан кейін Бақытжан есімді тағы бір ұл бар. Жалпы, үйде үш ағайынды. 
Қазір Ғалымжан да, Рахымжан да берекелі отбасын құра алған салауатты отағасы. Отбасыларына да көңіл бөліп, шаруашылықты да шырқ үйіріп, қызметтің де ұңғыл-шұңғылын қалт жібермей қадағалап, 10 жылдан астам уақыт бойы алпауыт компанияда абыройлы еңбек етіп келеді. Олар алғашқы жұмысқа тұрған сәтті былай деп еске алады. 
«Алғаш жұмысқа тұрған жылдары күндізгі-түнгі ауысымдарда қызмет істейтін едік. Мен күндіз мұнайды жинау ыдысынан мұнай таситын цистернаға құйып жіберемін де, түнгі ауысымды егізім Рахымжанға тапсырып кетемін. Ол дәл солай түнде келген мұнай тасушы көлікке құяды. Бір күні көлік жүргізушісі маған: «Осы сен демалмайсың ба? Күндіз келсем де, түнде келсем де жұмыс істеп жатасың?» дейді таңырқап. «Иә, дем алмаймын. Күндіз де, түнде де ұйықтамай жұмыс істеймін» дедім. Сөйтсем, әлгі кісі тіптен таңғалып, не айтарын білмей абдырап қалыпты. «Бұл мүмкін бе?» деп дағдарып қалғаны ғой. Сосын іле-шала әзіл екенін, шын мәнінде егізімнің бар екенін айттым» дейді Ғалымжан. 
«Жұмысымызды сүйіспеншілікпен атқарамыз. Сонда ғана нәтиже болады. Бүкіл ұжымға жақсы әсер тигізесің. Қазір бәсекелестік өте жоғары. Біздің мамандықты игеріп, өндіріске араласып жатқан жастар көп. Әрине, бәсекенің болуы адамды тек жақсы жағына қарай шыңдайды. Өсіреді. Мен елімнің өндірістік, экономикалық әлеуетіне сенемін. Біздің компания алға қойған мақсаттарды орындап, биік белестерден көрінеді деп сенемін» дейді олар. 
Мұнай саласында еңбек етіп келе жатқан әріптестерімізді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймыз. Баршамыз жаңа жылмен бірге ізгі жаңалықтардың келуін күтеміз. 2018 жылы қол жеткізген оң нәтижелеріңіз жалғасын таба берсін, мерейлеріңіз үстем, алар асуларыңыз көп болсын!

Алтын ОҢТАЛАПҚЫЗЫ

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх