Компания мақтанышы

Компания мақтанышы
27.12.2018
74
Қызметкерлер

Компания мақтанышы

«Өзенмұнайгаз» АҚ Персоналды басқару және дамыту департаменті директорының орынбасары Майра Бажикова Жаңаөзен қаласында дәулетті шаңырақта қағу да қағажу көрмей еркін өсті. Анасы Майраның есінде әкесінің бетіне жел болып келіп көрмеген ақылдылығымен, парасаттылығымен сақталып қалды. Әкесі мен анасы өте тату тұрды. Оларды біріктіріп, жалғап тұратын көзге көріне бермейтін өзара сыйластық тіні болатын. 
Майраның балалық шағы Жаңаөзен қаласында өтті. Ол әртүрлі ұлт өкілдерінің балаларымен балалықтың қара қазанында қайнап, тай-құлындай тебісіп өсті. Әке-шешелері оларға адал болуды, істеген ісіне жауапкершілікпен қарауға үйретті. Ауланың балалары демалыс күндері бір үйге жиналып «Ертегіде қонақтамыз» бағдарламасын тамашалап, мәз болушы еді.  Жазғы каникулда Өзеннің ойына  жаяу серуенге шығатын. Рақат...бар өмір алда. Қазіргі балалардай қолда ұялы телефон жоқ, интернет жоқ. Әйтсе де олар балдай тәтті балалықтың бал шырынын сіміріп өсті.    
Үнемі қасынан табылатын ең жақын дос­тары Ботакөз, Кенжеханмен улап-шулап даланы басына көтеріп жатады. «Өтіп кеткен жаңбырды, жамылғы алып қуар ма?» – деп ақын жырлағандай алыста қалған балалық шақтың енді оралмасы анық.     
Мектепті бітірген соң Майра арман арбасына мініп, сыныптасы Гүлайна Егізғаринамен бірге оқуға жол тартады. Студенттік өмірдің қызығын бірге татып, жарты нанды бөліп жеген досымен күні бүгінге дейін араласып, хабарласып тұрады. 
Оқу орнын бітірген соң мақала кейіпкері туған қаласына оралып, 1989 жылы еңбек жолын бастады.  1993 жылдан бері кадр саласында жемісті еңбек етіп келеді. Компаниядағы аса маңызды болып саналатын кадр саласында 25 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан Майра Жауымбайқызы қандай марапатқа да лайық. Кадр жұмысы өте  күрделі. Кадр маманы тек қана персоналға қатысты жұмысты атқарып қоймайды. Әрбір маманмен жеке түрде сұхбат жүргізеді. Заманауи кадр маманы психология және социология негізін білуі тиіс. Келісімшартқа байланысты немесе лауазымдық нұсқаулыққа байланысты сұрақтар туындағанда заң  аясында жауап беріп, заңдық тұрғыда әрекет жасауы керек. Заман талабына сай персоналды бағалау әдістерін  жетік меңгеруі шарт.    
Бүгінгі жұмысы туралы «кадр маманы ең алдымен психолог болуы керек. Көпті білектің күшімен, азды тіліңнің ұшымен ұстауға тура келеді» – дейді Майра.
Іскер жанның әр күні есептеулі, сағаты санаулы. Жұмысы өзіне ұнайды. Өз ісіне деген махаббат оны ұжым арасында сыйлы етті. Ізет, сыпайылықты ана сүтімен сіңірген Майра Жауымбайқызы жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды.     
Кезінде өзімен жұмыстас болып, кадр мамандығының қыр-сырын бүге-шігесіне дейін үйретіп, өзіне бағыт-бағдар беріп, бүгінде зейнеткерлікте еңбегінің жемісін жеп отырған  Ақжан Қадымова, Бәтима Орынбаева, Балиба Күзенбаева, Тамара Ағабекова, Рабиға Манасоваларды ол сағынышпен еске алады. Жанна Жакупова, Нұржамал Баймышевалар сынды жақсы жандармен сыйласып жұмыс істеді. 
Персоналды басқару және дамыту департаменті директоры Ермек Көптілеев «Адамды істеген ісінен білесің. Майра Жауымбайқызы – жұмысқа ерекше құлшыныспен кірісіп, өз жұмысынан ләззат алатын жан. Таудай табыс пен мол нәтижеге әріптесіміз өзінің еңбегімен жетіп отыр. Биыл 50 жылдық мерейтойын атап өткен Өзеннің құрдасын бас директордың транспорт және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Мақсат Оңғарбайұлы мерейтойлық төсбелгімен марапаттады» – деді. 
Зиялы, ішкі мәдениеті мол, ер жүгін арқалаған Майра Жауымбайқызы сияқты мамандар компания мақтанышы екені сөзсіз.
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх