ҚМГ ҰК басшысы – Атырауда

ҚМГ ҰК басшысы – Атырауда
28.12.2018
87
Өндіріс

ҚМГ ҰК басшысы – Атырауда

Желтоқсанның 23-24 күндері «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы Алик Айдарбаев Атырау облысында жұмыс сапарымен болды. Ұлттық компания басшысының сапарына ҚМГ ҰК Басқарма төрағасының барлау, өндіру және мұнайсервисі жөніндегі орынбасары Құрманғазы Есқазиев, ҚМГ ҰК басқарушы директорлары Есен Қайыржан және Дәулетжан Хасанов қатысты. 
Сапардың алғашқы күні ҚМГ ҰК басшысы Прорва кен алаңдары тобындағы өндірістік нысандарды аралап, Ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысының, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның өндірістік құрылымдық бөлімшесі «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-нің «Прорва» орталық мұнай дайындау пунктінің жұмыстарымен танысты. Ал, кешке ҚМГ ҰК басшысы және Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевпен бірге облыстың мұнайшы ардагерлерімен кездесті.   
– Мемлекетіміздің толағай табыстарға жетіп, көптеген әлеуметтік мәселелердің оң шешілуіне ерекше үлес қосқан мұнай-газ саласы ел тәуелсіздігін нығайтуда маңызды орын алатынын баршамыз білеміз. Осы саланың дамуына және өркендеуіне үлес қосқан сіздердің ерен еңбектеріңізді біз ұмытпаймыз, халық ұмытпайды. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз егемен еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына қомақты үлес қосқанын ерекше атап өткім келеді, – деп Ұлттық компания басшысы облыс ардагерлерін келе жатқан мерекемен құттықтады. 
Кездесуге қатысқан ардагерлер өз кезегінде Ұлттық компанияның ел экономикасының локомотиві саналатын мұнай-газ өндіру саласының дамуына қосып жатқан зор үлесін жоғары бағалады.  


Сапардың екінші күні А.Айдарбаев ірі мұнай-газ операторлары – ҚМГ ҰК еншілес және тәуелді компаниялары басшыларымен кездесіп, жиын өткізді. 
– Ұлттық компания үшін Атырау облысында жүзеге асып жатқан жобалар үлкен маңызға ие. Олар – Теңіз және Қашаған жобалары. Бұл аймақта «Ембімұнайгаз», «ҚазТрансОйл» және «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамдары, мемлекетіміздің үш мұнай өңдеу зауытының бірі – Атырау мұнай өңдеу зауыты өз жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, ҚМГ ҰК мамандарының тікелей қатысуымен газ-химия кешенінің құрылысы басталды. Сондықтан ел экономикасының мұнай-газ секторын одан әрі дамыту перспективалары осы өңірмен тығыз байланысты, – деп атап өтті сөз сөзінде Алик Серікұлы. 
Жиын барысында ҚМГ ҰК басшысы мұнай-газ саласындағы жағдайларға бағасын беріп, компаниялардың қызметі мен өзекті мәселелеріне тоқталды. 
– «Ембімұнайгаз» АҚ ескі кен орындарын игеріп жатқанымен белсенді жүріп жатқан геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде мұнай өндіру жоспарын тұрақты орындап, қорларды толықтыру тапсырмасын да сәтті жүзеге асырып келеді. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Компанияда үлкен және ұйымшыл ұжым жұмыс жасап жатқандығын атап өткім келеді. Ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысының жұмысымен танысу барысында мен бірқатар себептер бойынша уақытылы іске қосылмаған күкірттен тазарту қондырғысынан (LO-CAT) басқа жалпы нысанның іске қосылып, жұмыс жасап тұрғанына көз жеткіздім. Ал, аталған мәселе жақын арада шешімін тауып, қондырғы іске қосылады деген сенімдемін, – деп атап өтті ҚМГ ҰК басшысы.


Естеріңізге сала кетейік, Прор­ва кен алаңдары тобында ілеспе мұнай газын залалсыздандыруға арналған Ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысында іске қосу мен жөндеу жұмыстары 2017 жылы басталған еді. 
Іске қосу мен жөндеу жұмыстары барысында аталған қондырғының негізгі элементтері кезең-кезеңімен шығарылып, пайдалануға берілді.  Алайда, іске қосу мен жөндеу жұмыстары кезеңі жобаның бас мердігерінің газ күкіртін тазарту қондырғысын (LO-CAT) бастау бағытындағы міндеттемелерді уақытында орындамауы­на байланысты іске қосу кезеңі кейінге қалдырылды. Бұл жұмыстар әлі күнге дейін жалғасуда. Қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту мақсатында Компания 2017 жылдың қараша айынан бастап С.Нұржанов кен орнында күкіртті сутектің көп мөлшері бар ұңғымалар жұмысын тоқтату бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Сол арқылы жағылған газ құрамындағы күкіртті сутек 2,5-тен астам есеге азайды. Басқосу кезінде А.Айдарбаев газ-химия кешенінің құрылысы жобасының жүзеге асуына ерекше тоқталды.
– Жобаны іске асыру «Біріккен Химия корпорациясы» компаниясына тапсырылғанымен компанияда қажетті мамандардың болмауына байланысты ағымдағы жылдың басында жобаны Ұлттық компанияға тапсыру туралы шешім қабылданды. Бүгінгі таңда ел экономикасы үшін үлкен маңызға ие аталған жоба бойынша өсім байқалады. Өйткені, екі ірі жоба – Теңіз бен Қашағаннан алынатын шикізаттан полипропилен мен полиэтилен өндірмек. Сондықтан бұл жоба бойынша жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз, – атап өтті Ұлттық компания басшысы. 
Алқалы жиында «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Имер Боннер, NCOC компаниясының қауіпсіздік техникасы және қоршаған ортаны қорғау директоры Е.Марабаев, Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Ғ.Амантурлин, «KPI» компаниясының Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Қ.Оразбаев, «ҚазТрансОйл» АҚ-ның Атырау мұнай құбыры басқармасының басшысы С.Рзиевтер өз компанияларында атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде баяндады. 
ҚМГ ҰК Басқарма Төрағасы жиналған жұртшылыққа жаңадан тағайындалған Ұлттық компанияның Сатып алу және жабдықтау жөніндегі басқарушы директоры Е.Қайыржанды және Адами ресурстарды басқару жөніндегі басқарушы директоры Д.Хасановты таныс­тырды. 
Жиынды қорытындылаған ҚМГ ҰК басшысы сатып алу рәсімдерінің сапалығын, еншілес және тәуелді компаниялар басшыларының жауапкершілігін арттыруды, шығындарды оңтайландыруды, қаражатты тиімді игеруді, Атырау қаласының экологиясын жақсарту үшін арнайы мамандарды тартып, сараптама жүргізуді, халықаралық операторлар үлгісінде ұжымдық мәдениеттің жоғары стандарттарын енгізуді тапсырды. 
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх